National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына және оның қорытындысына арналған бірлескен баспасөз мәслихатына қатысты

2014 жылғы 23 желтоқсан

 

Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Президенті Серж Саргсян және Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты.

Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақты 2015 жылдан бастап іске қосу және оның шетелдік серіктестермен өзара ықпалдастығы мәселелерін қарастырды.

Отырыс барысында мемлекет басшылары ЕАЭО органдарының қызметін регламенттеуге, Одақ Соты мен Комиссиясын құруға және оның жұмысына, сондай-ақ Т.Мансұровты Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі aлқасының мүшесі (министр) етіп тағайындауға байланысты бірқатар шешімдерге қол қойды. 

Сонымен қатар, президенттер 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғызстан Республикасының қосылуы туралы шартқа қол қойды.

Қазақстан Президенті отырыс қорытындысы арналған баспасөз мәслихатындағы сөзінде 2015 жыл тарихқа еуразиялық ықпалдастықтың жаңа кезеңі ретінде кіретініне тоқталды.

– Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді. Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде тұңғыш рет ерікті, теңқұқылы және өзара тиімді негізде қуатты табиғи және ресурстық әлеуеті, жаһандық және өңірлік ауқымда стратегиялық маңызды көлік, энергетика және технологиялық жүйесі бар экономикалық бірлестік құрылады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз ХХІ ғасыртың сын-қатерлеріне жауап бере отырып, экономикалық әлеуетті біріктіргенін атап көрсетті.

– Еуразиялық экономикалық одақ ең алдымен қарапайым адамдар мен олардың мүдделері үшін құрылды. Балтықтан Тынық мұхитына дейінгі, Арктикадан Тянь-Шаньға дейінгі орасан кеңістікте Одаққа мүше мемлекеттердің 180 миллионға жуық азаматтары бизнес жүргізуге, еркін сауда мен жұмыспен қамтылуға, коммуникацияларды пайдалануға, өңіраралық ынтымақтастық пен өзара гуманитарлық ықпалдастықты  кеңейтуге тең мүмкіндіктер алады. Берік экономикалық іргетас құру арқылы біз елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілік пен сенімді нығайтамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қатысушы елдер бүгінде татулықтың, келісімнің, өзара пайда мен қолдаудың  ұзақмерзімді бағытын таңдағанына назар аударды. 

– Экономикалық тұрғыдан ықпалдаса отырып, біз саяси егемендіктің, мәдени тәуелсіздіктің және халықтарымыздың тілдік бірегейлігінің мызғымас қағидаттарын нығайтамыз. Сонымен бірге, әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық, санкциялық саясат, әлемнің жетекші державалары арасындағы сенімнің әлсіреуі, саяси ахуалдың ушығу қаупі Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасу үдерісіне ықпал ететін болады. Біз бұл сын-қатерлердің бәрін ескереміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еуразиялық экономикалық ықпалдастық идеясын жүзеге асыруға атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді.

– Біздің одақ құруға бастаған жолымыз екі онжылдықққа созылды. Ол менің 1994 жылы М.Ломоносов атындағы ММУ-де сөйлеген кезімде ұсынылған идеядан нақты іс жүзіндегі шешімге айналды. Әрбір еліміздің ұлттық мүдделелері, экономикалық мүмкіндіктері ескерілген барлық қажетті мемлекетаралық құжаттарды дайындау үшін орасан жұмыс атқарылды. Мұның ар жағында сарапшылардың, саясаткерлердің, депутаттардың, бизнес пен мемлекеттеріміздің жұртшылық өкілдерінің зор еңбегі тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО қызметінің шарттарын жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.

– Біз ықпалдастығымыз өзге мемлекеттер үшін экономикалық серіктестіктің тартымды үлгісіне айналып, ЕАЭО-қатысушылар саны ұлғаюы үшін бәрін жасауға тиіспіз. Біздің экономикалық одақ – әлемнің барлық ықпалдастық бірлестіктерімен, соның ішінде Еуропалық одақпен де өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық ұйым. Елдеріміздің барша азаматтарын Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен құттықтаймын, - деді Қазақстан Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің