National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Еуропалық Комиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесу

2014 жылғы 24 қаңтар

 

Кездесуде тараптар ынтымақтастықты нығайту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан Президенті Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастың дамуына Ж.Баррозудың ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

– Еуропалық Одақпен арадағы сауда көлемі – 50 млрд. доллар. Біз қазір бірқатар мәселелермен, атап айтқанда, серіктестік пен ынтымақтастық аясын кеңейту туралы келісіммен жұмыс істеп жатырмыз. Мүмкіндігінше бұл құжаттарға қол қоюды жеделдеткен жөн. Біз Еуропалық Одақпен визасыз режім туралы мәселенің шешілуіне де мүдделіміз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта мейлінше маңызды жайт – біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Еуропалық Одақты еліміздің ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздердің тезірек аяқталуына барынша септігін тигізуге және қолдауға шақырды. Қазақстан Президенті мұның еуропалық инвесторлар үшін қосымша кепілдік болатынына, жаһандық бәсекелестік жағдайында елімізде инвестициялық және іскерлік ахуалды одан әрі жақсартуға қызмет ететініне сенімін білдірді.

Өз кезегінде Ж.М.Баррозу Еуропалық Одақ Қазақстанның басты сауда және инвестициялық серіктесі болып саналатынын, еуропалық компаниялар біздің елмен экономикалық байланыстарын одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық аясын кеңейту туралы жаңа екіжақты келісім жөніндегі келіссөздердің аяқталып, таяу уақытта оған қол қойылуы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін беріп, Еуропалық Одақпен арадағы диалогтың сапалы жаңа кезеңіне құқықтық негіз қалыптастыратынына тоқталды.

Еуропалық Комиссия төрағасы Орталық Азияның экономикалық дамуындағы Қазақстанның рөліне жоғары баға бере келе, Мемлекет басшысының өңірде тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жеке үлесін де атап көрсетті.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ж.М.Баррозу Кеден одағы мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды. Мемлекет басшысы Кеден одағы аса маңызды экономикалық бірлестік бола отырып, оған қатысушылардың барлығына айтарлықтай пайда әкелетінін айтты. 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің