Әңгімелесу барысында екі елдің өңірлік және жаһандық деңгейдегі серіктестік мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Дубайдың әлемдегі ірі қаржы және туристік орталықтардың біріне айналуына ықпал еткен реформаларға жоғары баға берді.
Тараптар цифрлық экономика, электрондық коммерция, заманауи инфрақұрылым, жасанды интеллект, қаржылық қызмет көрсету ісі, инвестиция, туризм индустриясы, құрылыс пен көлік салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен бизнес-жобалардың іске асырылуына тың серпін беруге ниетті екенін жеткізді.
– Біздің еліміз туризмнің жаһандық тарихпен байланысты қызметтерін ілгерілетуге дайын. Мысал ретінде Алтын Орданы алуға болады. Осыған орай ішкі туризмді дамытудағы, оны саяхатшылар үшін тартымды бағыт етудегі Әмірліктердің туристік бизнесті жүргізу тәжірибесі бізге өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шейх Мұхаммед Әл Мактум Әмірліктердің экономиканың әртүрлі секторларын дамыту жөніндегі тәжірибелері мен білімдерін Қазақстанмен бөлісуге дайын екеніне тоқталды. Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубайдың «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесіне дайындық барысы туралы айтты.