National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Орнықты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі форумда сөз сөйледі

2019 жылғы 26 қыркүйек

Іс-шара бағдарламасында алғашқы болып сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттары адамзат үшін бәрі тең дәрежеде әлеуметтік, технологиялық және экономикалық жетістіктердің игілігіне ие бола алатын кемел келешекке жетудің нақты жол картасын ұсыну екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінен артта қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта тиісті нәтижеге қол жеткізу мақсатында нақты шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті еліміздің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясаты 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарына толықтай сәйкес келетінін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның инклюзивті қоғам құруға, орнықты экономикалық өсім мен таза экологияны қамтамасыз етуге, одан да тиімді әрі есеп беретін институттар құруға қол жеткізе алатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асыру аясында негізгі мақсаты үкімет пен халық арасындағы диалогты қамтамасыз етуді көздейтін «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасының қолға алынғаны туралы айтты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев білім жүйесін жаңғыртудың, сондай-ақ жасыл және цифрлық экономиканы, инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды. Оның пікірінше, бұл бағыттар барша адамзаттың өркендеуі мен экономикалық жетістіктерге жетудің қуатты қозғаушы күші болмақ.

Қазақстан Президенті біздің елдің тәжірибесінде орнықты даму мақсаттарының 80 пайызы Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларында қамтылғанын атап өтті.

– 2018 жылы Қазақстан БҰҰ институттарымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін «институционалдық архитектура» енгізді, оның ішінде Басқарушы кеңес құрылды. Орнықты даму мақсаттары жөнінен өткен алғашқы форум 2019 жылғы Астана экономикалық форумының негізгі іс-шарасына айналды. Биыл шілде айында біз алғаш рет Қазақстанның ерікті түрдегі ұлттық шолуын ұсындық, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Орнықты даму мақсаттарының әлемдік үдерістерге ықпалын ескере отырып, оны жекелеген санаттардың немесе елдерде жүзеге асырудан қол жеткізетін жетістікке қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттарының өңірлік және халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне Қазақстанның белсенді атсалысып жатқанына тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, біріншіден, Орнықты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстарының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған шөлейттену, жасыл желекті қалпына келтіру, эрозия, тұздану, сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы мақсаттарының маңыздылығын атап өтті. Ол жақын болашақта ИЫҰ-на мүше 57 мемлекеттің барлығы осы бастамаға қосылатынына сенім білдірді.

Тағы бір пәрменді шара ретінде Президент Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму орталығын құруды атап өтті. Оның айтуынша, бұл Орнықты даму мақсаттарын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар басқа да Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда жүзеге асыруды жеделдететін еді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің