Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші неміс компаниялары өкілдеріне арналған іскерлік дастархан басында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы әңгімеледі.
Қазақстан Президенті Еуропа одағына мүше мемлекеттердің ішінде Германияның Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтіп, еліміздің ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.
– Қазақстан Президенті ретінде Германиядан елімізге инвестиция мен кәсіпкерлерді тарту және бизнес өкілдерінің өздерін қауіпсіз сезініп, табысты дамуы үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Біз неміс кәсіпкерлері үшін ерекше жағдай жасауға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның өз стандарттарын жақсартуға, болашақта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болу үшін заңнамаларды осы ұйым деңгейіне дейін көтеруге ұмтылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қолайлы географиялық жағдайы мен орнықты сыртқы экономикалық саясаты шетелдік инвесторлар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
– Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көлік хабы болып табыламыз. Барлық трансқұрлықтық бағыттағы жолдардың 70 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі жүк тасымалына кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Биыл Қытайдың Сиань қаласынан Германияға тасымалданатын жүк небәрі он күнде жеткізіліп, ректордтық көрсеткішке жетті, – деді Президент.
Оның айтуынша, «Volkswagen», «Mann», «Siemens», «Knauf», «Bayer», «METRO» секілді жетекші неміс концерндері Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатыр. «Heidelberg Cement» және «Linde Group» корпорациялары ел экономикасына ірі көлемде қаржы құйып, табысты экономикалық ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін агроөнеркәсіп кешені, жоғары технологиялар мен цифрландыру салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырды.
Іс-шараға 20-дан астам неміс компаниясының жетекшілері қатысты. Атап айтқанда, «WILO», «CLAAS Group», «SMS Holding GmbH», «Schaeffler AG», «Airbus Defence and Space», «Linde AG», «Mangold Consulting GmbH», «Herrenknecht AG», «Knorr-Bremse AG», «Euler Hermes», «Siemens Healthineers», «John Deere», «Deutsche Bank AG», «Tönnies Holding», «BAUER COMP Holding» және т.б.
Неміс іскер топтарының өкілдері Қазақстан нарығында жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары мен ұсыныс-тілектерін айтты.
– Біз үшін сізбен әңгімелесу зор ғанибет. Сіздің бүгінгі сапарыңыз саяси қатынастарымызға ғана емес, экономикалық байланыстарымызға да оң ықпал ететініне сенімдіміз. Қазақстан үшін Германия бизнесі сенімді серіктес екеніне сендіремін. Болашақ ынтымақтастығымыз бен Қазақстан экономикасындағы неміс инвестициясын арттыру үшін бізге зор мүмкіндіктер ашылады деп есептеймін, – деді «WILO» компаниясының басшысы Оливер Гермес.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды неміс бизнесінің қатысуымен жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатуға Қазақстанның дайын екенін мәлімдеді.
– Біз барлық мәселенің оң шешілуіне көмектесуге мүдделіміз. Бүгінгі сіздердің баяндамаларыңызда айтылған жобалар Үкіметіміздің ерекше назарында болады. Қазақстанда сіздердің бизнестеріңіз жүзеге асырып жатқан бірлескен жобаларға қолдау көрсетуге баса мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.