Нұрсұлтан Назарбаев Хельсинкиге келгеннен кейін фин телекоммуникация компаниясының басшысымен кездесті.
Мемлекет басшысы «Nokia» бренді әлемге телекоммуникация саласындағы жетістіктерімен кеңінен белгілі екенін атап өтіп, Қазақстанда бұл компания сенімді серіктес ретінде танылғанын айтты.
– «Nokia» компаниясы 2007 жылдан бастап біздің елмен ынтымақтастық орнатып келеді. Бүгінде компанияның тауар айналымы 20 миллиард АҚШ долларына жетті, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев компания басшысына Қазақстанның өндіріс үдерісіне автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект әдістерін енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойып отырғанын айтып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
Ристо Сииласмаа Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға зор қызығушылық танытты.
– Сіз дүние жүзіне өте танымалсыз әрі мемлекеттер басшыларының арасында технологиялық дамудың маңыздылығын түсінесіз. Сіздің цифрлық технологияларға зор мән беретініңізді білемін, – деді Ристо Сииласмаа.
Кездесу соңында тараптар байланыстың жаңа технологияларын, соның ішінде экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысында 5G стандартын енгізу мәселелерін талқылады.