Кездесуде Корея Президенті Ли Мен Бактің Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілген уағаластықтарды іске асыру жайы қаралып, елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері мен екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі аспектілері талқыланды.
Қазақстан Президенті біздің мемлекетіміз Корея Республикасымен дәстүрлі тығыз ынтымақтастықты жүзеге асыратынын және оны одан әрі дамытуды мақсат етіп отырғанын атап өтті.
– Бүгін елдеріміз арасында сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда қарқынды өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Бұрынғы Президент Ли Мен Бакпен бірге белсенді жұмыстар жүзеге асырылды. Корея компаниялары біздің елімізде жылу электр стансасының құрылысына қатысуда. Машина жасау мен мұнай-химия салаларында бірқатар жобалар іске асуда. Сонымен қатар, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия белсене қызмет етуде, соның нәтижесінде инвестициялық портфель 8 млрд. дерлік долларды құрады. Сондай-ақ, тегі корейлік 120 мың Қазақстан азаматы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін жақсы дәнекер болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Пак Кын Хені Корея Республикасының Президенті болып сайлануымен құттықтап, Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Оңтүстік Корея Президенті шақыру үшін алғысын айтып, республикамызға сөзсіз келетінін атап өтті.
– Біз Қазақстанды алда Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетіндігімен қуана құттықтағымыз келеді. Бізде, атап айтқанда, Есу қаласында мұндай іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесі бар, біз оны бөлісуге дайынбыз, – деді Корея Республикасының Президенті.
Пак Кын Хе еліміздің қарқынды дамуында табыстарға жетудегі, зор халықаралық беделге ие болудағы және ядролық қарудан бас тарту ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан рөлін атап өтті.
Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық, машина жасау және жоғары технологиялар салаларындағы нақты жобаларды да талқылады.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе халықаралық күн тәртібіндегі және өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың мәселелерін қарастырды.