Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы қаралды.
Тараптар сауда-экономика, көлік-коммуникация және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандырудың келешегі туралы сөйлесті.
– Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы айналасындағы жағдайдың шешілуіне бұдан кейін де белсене қатысуға дайын. Сонымен қатар, біз көлік-коммуникация саласындағы өзара іс-қимылымызды дамытуға, атап айтқанда, теміржол тасымалын жүзеге асыруға мүдделіміз. Біздің елдеріміздің ортақ игілігі – Каспий теңізі, ол достық пен ынтымақтастық теңізі болуға тиіс. Оның құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет, ал сарапшылар бұл бағыттағы қызметін одан әрі жүзеге асыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өңірде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуге барлық елдер мүдделі екенін атап өтті.
Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің ұлықтау рәсіміне қатысқаны үшін алғысын айтып, Қазақстанның Иран үшін достас ел, өте маңызды серіктес болып саналатынына тоқталды.
– Бізде өзара ынтымақтастықтың орасан әлеуеті бар. Бізге тек екіжақты сауда-экономикалық байланысты ғана емес, елдеріміздің мәдениет саласындағы өзара іс-қимылын да дамыту өте маңызды, – деді Иран Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді де талқылады.