National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді

2016 жылғы 25 қазан

Брифингте Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған сапарын қорытындылады. 

– Сапар аясында энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, сауда-саттыққа қатысты жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын 10 келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келісімдер бар. Қазіргі таңда Қазақстанда Сауд Арабиясының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс жүргізуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тауар айналымын ұлғайтуға логистикалық қиындықтар кедергі келтіріп келгенін атап өтті.

– Бұл ретте біз болашақта жемісті ынтымақтастық орнату үшін Жол картасын жасап, екіжақты үкіметаралық комиссия, экономиканың жекелеген салалары бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісімге келдік. Біздің елде ортақ жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен инвестициялық қор құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ  мен саудтық серіктестерімізді инвестициялық-инновациялық жобаларға, «Нұрлы жол» бағдарламасына атсалысуға шақырдым. Бұл Қазақстанның пайдасы үшін ынтымақтастық орнатуға өте жақсы негіз болады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Корольдікпен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына назар аударды.

– Саудтық серіктестеріміздің күн мен жел энергетикасын пайдалану тәжірибесі бар. Сауд Арабиясы энергетика саласындағы өздерінің жаңа әзірлемелерімен Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатын болады. Сондай-ақ келіссөздер барысында біз мұнай мен газ саласындағы жүргізіліп отырған саясатты талқыладық. Жалпы, біз осы өңірдегі маңызды бұл елде өте пайдалы әрі аса қажетті кездесулер өткіздік деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің