Отырысқа Президенттер: Қазақстаннан – Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжаннан – И.Әлиев, Армениядан – С.Саргсян, Қырғызстаннан –А.Атамбаев, Молдовадан – Н.Тимофти, Ресейден – В.Путин, Тәжікстаннан – Э.Рахмон, Түрікменстаннан – Г.Бердымұхамедов, Өзбекстаннан – И.Каримов, сондай-ақ Украинаның Беларусь Республикасындағы Елшісі М.Ежель қатысты.
Отырыс барысында Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылына байланысты негізгі жайттар талқыланды. Сондай-ақ өзара мүдделілік танытатын өзекті мәселелер мен ынтымақтастықты көпжақты форматта дамыту бағыттары жөнінде пікір алмасылды.
Қазақстан Президенті ТМД 2016 жылы 25 жылдығын атап өтетіндігіне тоқталып, бұдан әрі қарайғы қызметінің бағыттары анықталатын Достастықты дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін талқылауды ұсынды.
Мемлекет басшысы ТМД-ға төрағалық 2015 жылы Қазақстанға өтетінін, біздің еліміз белгіленген жоспарларды сабақтастық негізде жүзеге асыратынын айтты.
- Біз сауда-экономикалық қатынастарды, еркін сауда аймағын дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Біздің төрағалық көлік-транзит саласындағы, агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріндегі, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастықтағы өзара іс-қимылдарды одан әрі нығайту жұмыстарын қамтитын болады, - деді Қазақстан Президенті.
Беларусь Президенті А.Лукашенко отырыста қабылдау жоспарланған шешімдер елдердің арасындағы байланыстарды нақты кеңейтуге және тереңдетуге септігін тигізетініне қабылдаушы тараптың басшысы ретінде сенім білдірді.
- Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ықпалдастық үрдістердің тарихы нақ осы ТМД-дан басталды. Ол мемлекетаралық байланыстардың қалпына келуі мен дамуында негізгі рөл ойнады. Сауда-экономикалық қарым-қатынастар негізінен Достастықтың арқасында жаңа қарқын алды, - деді А.Лукашенко.
Соңында Беларусь Президенті ТМД секілді біріктіруші платформаның қажеттігін айтты және отырысқа қатысушыларды жұмысқа сындарлылықпен қарауға шақырды.