Нұрсұлтан Назарбаев CNPC компаниясының мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және оны қайта өңдеу салалары бойынша Қазақстанның негізгі әріптесі болып саналатынына тоқталып, бұл кәсіпорынның еліміздегі жұмысына қанағаттанатынын айтты.
– Жалпы осы жылдар ішінде Қазақстанда 100 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді. Біз сіздің компанияңызбен ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Әсіресе, «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырын пайдалану арқылы ішкі нарыққа және Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін арттыра аламыз.
Компания басшысы CNPC-дің Қазақстандағы әріптестермен 20 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын және зор жетістіктерге жеткенін айтты.
– Сіздің көңіл бөлгеніңіздің және Қытай Үкіметі көмегінің арқасында айтулы нәтижелерге қол жеткіздік. Сізге зор құрметім мен ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің мүмкіндігіміздің бар екенін және оны одан әрі дамытып, жұмыс істеуге ниетті екенімізді жеткізгім келеді, – деді Ван Илинь.
Компания басшысы Қазақстан Президентіне Іскерлік кеңес аясында жүргізілген келіссөздер мен қол қойылған келісімшарттар жөнінде баяндады.
– Үкіметіміз және Си Цзиньпин мырзаның жеке өзі қазақстандық әріптестермен тығыз ынтымақтастықты жаңа деңгейде дамытуға мүдделілік танытып отыр. Бұл міндетті орындауға шамамыз жететініне кәміл сенеміз, – деді компания басшысы.