Қазақстан Президенті журналистер алдында сөйлеген сөзінде қонақжайлық көрсеткені үшін Финляндия Президентіне ризашылық білдіріп, екі жақты ынтымақтастықтың 26 жылы ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар серіктестіктің жоғары деңгейіне жеткенін атап өтті.
– Бүгін біз екі жақты және көп жақты форматтағы ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегін егжей-тегжейлі әрі өзара сенім жағдайында талқыладық. Қазақстан мен Финляндия өңірлік және халықаралық саясаттың мейлінше өзекті мәселелерін шешуге қатысты ортақ қағидаттар мен әдістерді ұстанады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Финляндияның алдағы уақытта Еуропа Одағына төрағалық ететініне байланысты, фин тарапының Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясындағы диалогты тереңдетуге белсенді ықпал ететініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Финляндия ынтымақтастығының табыстылығы мен зор әлеуетін атап өтіп, оны жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.
– Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қолайлы іскерлік ахуал қалыптасуда. Өзара іс-қимылдың шарттық-құқықтық және институционалдық базасы нығаюда. Сондай-ақ, тікелей әуе қатынасы орнаған. Осы мүмкіндіктердің бәрін толық пайдалану керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне арнайы тоқталып, финляндиялық серіктестеріміз екі жақты экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделілік танытып отырғанын атап өтті.
– Біз Қазақстан мен Финляндия арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімділігін арттыруға, сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларында құрылған жұмыс топтарының қызметін жандандыруға уағдаластық. Сонымен қатар, біз фин капиталы мен технологиясын Қазақстан экономикасын жаңғырту жөніндегі жобаларға тартудың жаңа мүмкіндіктерін талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан өңірлеріне Финляндияның «жасыл» экономикадағы үздік тәжірибелерін енгізу жөніндегі жоспарларына тоқталып, тараптар қайта өңдеу саласын, инновациялық және ғылымды қамтитын кәсіпорындарды, сондай-ақ экспортқа арналған өндірісті ынтымақтастықтың басым бағыты ретінде белгілейтінін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның географиялық жағдайының артықшылықтары жөнінде айтып, Суомидің экспорттық әлеуетін күшейту және фин экономикасының бәсекеге қабілеттігін арттыру жолындағы жаңа мүмкіндіктерге назар аударды.
– Қазақстан мен Финляндияның логистикалық компанияларының қатысуымен екі темір жол бағытының іске қосылуы елдеріміз арасында көлік-транзит альянсын құруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті брифингке қатысып отырған журналистерге Финляндияның бизнес өкілдерімен өткен кездесу жөнінде айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін беретін жаңа бизнес жобаларға тоқталды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер қорытындысына жоғары баға беріп, бұл сапар халықтарымыздың игілігі үшін серіктестігімізді одан әрі нығайтып, кеңейте түсетініне сенім білдірді.
***
Сапар қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Финляндия Республикасының Экономикалық мәселелер және жұмыспен қамту министрлігі және Финляндия Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы Энергия және «жасыл» экономика саласындағы стратегиялық серіктестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Финляндия Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.