Тұрақты комитет төрағасы Ли Чжаньшу Қытайдың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының атынан Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, мемлекеттік сапар аясында жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанына тоқталды және солардың нәтижелері бойынша қол қойылған құжаттар қазіргі кезеңдегі екі жақты қатынастардың нақты даму жоспарын айқындағанын атап өтті.
– Сіз – біздің халқымыздың нағыз досысыз, ал мен үшін ең құрметті мемлекет қайраткерлерінің бірісіз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанда нарықтық экономика қалыптасып, халықтың жағдайы жақсара түсті, қоғамда тұрақтылық бар. Еліңіздің әлемдегі және өңірдегі беделі әрдайым артуда. Өздеріңіз «Нұрлы жол» деп атағандай, Сіздің мемлекетіңіз жарқын болашаққа жол ашты. Сіз халық арасынан шықтыңыз, оның арман-мүддесін білесіз және ұзақ жылдар бойы Қазақстанды табысты даму жолына бастап келесіз. Сіз – қытай халқы үшін қаһарман тұлғасыз және біздер – басшылар үшін үлгі саналасыз. Сіздердің достарыңыз әрі көршілеріңіз ретінде Қазақстанның жетістіктері үшін шын жүректен қуаныштымыз, – деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы.
Мемлекет басшысы Ли Чжаньшуға өзінің және Қазақстанның атына айтылған жылы сөздері үшін ризашылық білдірді.
– Мен Сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуыңызбен құттықтаймын және зор табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің парламентаралық ынтымақтастығы мәселелерін талқылау сәтінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ХІХ съезінде қабылданған және елдегі тұрақтылықты қолдауға, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына бағытталған шешімнің Қытай үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қытай мемлекетінің 40 жыл бойы қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолымен келе жатқанын және соның барысында әлемдік деңгейдегі жетістікке қол жеткізгенін айтты.
– Қытай бүгінде әлемдегі экономикасы орасан зор жетекші елдердің біріне айналды. Инновациялар жылдам енгізіліп, ғылым саласына тартылған инвестиция көлемі артуда. Елдеріңіз өз дамуының мүлде жаңа жолына қадам басты, – деді Мемлекет басшысы.