National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді

2018 жылғы 17 қаңтар

Қазақстан Президенті брифинг барысында Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа ризашылығын білдірді. 

Мемлекет басшысы келіссөздер нәтижелеріне оң баға беріп, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды. 

– Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін айтты.    

Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-сынақтары мен қауіп-қатерлерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастық танытып отырғанын атап өтті.    

– Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады, қазір де Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы – тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек жөнінде айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынастардың күрделене түсуіне байланысты мәселелер талқыланғанын айтты.

– Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһандық мәселелерді талқыладық. Қазақстан дүние жүзіндегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығының қазіргі мәселелері мен оларды нығайтудың перспективаларына да тоқталды.

– Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылды. Бүгін біз америкалық ірі бизнес өкілдерімен бірге дөңгелек үстелге қатысамыз. Онда 7,5 миллиард доллардан асатын қаржыға 20-дан астам келісімшарт жасалатын болады. Сондай-ақ, біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамптың басшылығымен қол жеткізіліп отырған АҚШ-тың экономикалық дамуына жоғары баға берді. 

АҚШ Президенті екіжақты диалогтың маңыздылығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталды.    

– Біз Сізді Ақ үйде қабылдағанымызға қуаныштымыз. Елдеріміздің өзара ықпалдастығына қатысты маңызды диалог жүргізу мақсатымен бүгін бізге келгеніңіз үшін рахмет. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды мықты, егемен әрі тәуелсіз ел, Орталық Азиядағы маңызды дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келеді, – деді Дональд Трамп.          

АҚШ Президенті Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісіндегі бірлескен күш-жігерін атап өтті.

– АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс жүргізді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі салауатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бүгін Қазақстан Президенті екеуміз біздің қарым-қатынастарымыз халықтарымыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризациялау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан сенімді серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режімнің бүкіл әлемге ядролық апат қаупімен сес көрсетуін тойтаруға бел буып отырмыз, – деді АҚШ Президенті.

Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

– ИЛИМ-мен және «Талибанмен» соғыс жүргізіп жатқан біздің қарулы күштерге Қазақстан мейлінше қолдау көрсете беретіні жөнінде Президенттің маған сеніммен айтқан сөзін аса жоғары бағалаймын, – деді Ақ үйдің басшысы.

Сондай-ақ, Дональд Трамп көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта беретінін айтты. 

– Қазақстанның 2050 жылға қарай жаһандық экономиканың алғашқы отыздығына кіруді жоспарлап отырғанын Президенттің мәлімдегеніне ризамын. Ол Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін жұмыс істеуде. Бұл арқылы Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туып, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді АҚШ Президенті.

Соңында Дональд Трамп Қазақстанды дамыту және өркендету ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін тағы да атап өтті.

– Мен Сіздің мықты басшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістіктерді көру мүмкіндігін асыға күтемін. Біз Қазақстанның болашағы жарқын болғанын және оның егеменді елді өркендетуге бағытталғанын қалаймыз. Осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз, – деді Дональд Трамп.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің