Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ықпалдастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысының маңыздылығын атап өтті. – Біз өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім және өзге салалардағы екіжақты ынтымақтастықты барған сайын жоғары деңгейге көтере түсуді мақсат етіп отырмыз. Елдеріміз арасындағы сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынастардың даму қарқыны жақсы екенін зор қанағаттанушылықпен атап өтуге болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Александр Лукашенконы Беларусьта бүгін атап өтілетін бабаларды еске алу күні – Радуницамен құттықтады. Өз кезегінде Беларусь Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды түрде нығайып келе жатқанын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан Президентінің М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісі кезінде айтылған Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға қатысты идеясын талқылауға дайын екенін айтты.