National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2017 жылғы 16 қыркүйек

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін өткізген брифингте Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер игі дәстүрге айналғанына тоқталып, Өзбекстанға жасаған осы сапарын тарихи сапар деп атады.   

– Аз ғана мерзімде осымен алтыншы рет жүздесіп отырмыз. Бұл – біздің стратегиялық серіктестігіміздің, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуының жарқын мысалы, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен жасалған уағдаластықтардың қорытындылары бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде көлік саласындағы байланыстарды нығайтуға қатысты қол жеткізілген нәтижелерге назар аударды.

– Қазірдің өзінде уағдаластықтарымыздың нақты нәтижелері көріне бастады. Мәселен, аптасына екі рет Алматы мен Ташкент арасында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. Біздің ұлттық әуе тасымалымен айналысатын компанияларымыз екі елдің астаналары арасында қосымша рейстер ашты, алдағы уақытта басқа да қалаларымыз арасында әуе қатынасы орнайды. Тұрақты автобус қатынасы бар. Ірі мемлекетаралық автожолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. М-39 автодәлізінде екі өткізу пункті ашылды. Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығының аясында автомобиль құрастыру жөніндегі жоба жүзеге асырылды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев кең ауқымды бағыттар бойынша екіжақты қатынастарды жандандыру өзара тауар айналымына оң ықпал еткенін атап өтті.

– Өзбекстанның импортталатын тауарлардың кейбір түріне акцизді төмендету туралы шешімі сауда ынтымақтастығын жандандыру жолында жасалған оң қадам болды. Нәтижесінде биылғы 7 айдың ішінде екіжақты сауда 35 пайызға өсті. Бұл – өте жақсы нәтиже. 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылды. Осыған орай, Үкіметтерімізге өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру және пайдаланылмаған барлық резервті жұмылдыру жөнінде тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ энергетика саласындағы инвестициялық серіктестік пен ынтымақтастықты кеңейту қажеттігіне назар аударды.

– Орта мерзімдегі перспективада бірлескен 2-3 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің газ саласындағы ынтымақтастығы тиімді дамып келеді. Үкіметтерімізге екі жақтың мүддесіне сәйкес жаңа газ жобаларын әзірлеу тапсырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы брифинг барысында екі ел арасындағы байланыстарды кеңейтуге септігін тигізетін Өңіраралық ынтымақтастық форумын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын да атап өтті.  

Нұрсұлтан Назарбаев ғарыш индустриясын дамыту бағытында бірлесе жұмыс жүргізіп, осы салада өзара тиімді байланыстар орнату қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Өзбекстан Президентімен су мәселесін кеңінен талқылағанын атап өтті.

– Бұл мәселе бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие. Орталық Азияның трансшекаралық су ресурстары өңірдегі барлық халықтардың ортақ мұрасы мен игілігі болып саналатынын атап өткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен Арал теңізінің жағдайына қатысты келіссөзінің қорытындысы туралы айтты. 

– Келесі жылы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылғанына 25 жыл толады. Қазір ол Арал мәселесі жөніндегі бірден-бір мемлекетаралық тетік болып отыр. Осыған орай біз Қордың жұмысын жандандыру қажеттігі жөніндегі ұстанымдарымыз ортақ екенін растадық. Атап айтқанда, біз 2018 жылы жоғары деңгейде кездесу өткізіп, әріптестерімізбен бірге баршамызға ортақ осы мәселені шешудің өзара тиімді жолдарын талқылауға ниетті екенімізді білдірдік, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылғанына тоқталып, көптеген халықаралық оқиғаларға қатысты Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымы ұқсас екенін атап өтті.

– Біз көпжақты форматта, соның ішінде Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі аясында өзара іс-қимыл жасау мәселелерін қарастырдық. Ауғанстандағы жағдайға байланысты, өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты пікір алмастық. Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі Астана саммитінің қорытындыларын, сондай-ақ Ташкенттің Ислам ынтымақтастығы ұйымының осындай саммитін Өзбекстанда өткізу туралы бастамасын талқыладық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды екенін айтты.

– Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді, – Нұрсұлтан Назарбаев.   

Мемлекет басшысы сапар қорытындыларын жоғары бағалап, оның Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дәстүрлі тату көршілік, достық және сенімге негізделген байланыстар мен серіктестікті одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.

– Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшыларының бірлескен мәлімдемесін қабылдадық. Үкіметтеріміз Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан делегациясының және жеке өзінің атынан өзбек халқының өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіріп, барлық бастамаларына табыс тіледі, сондай-ақ екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарға қолдау білдіретінін айтты.

Өзбекстан Президенті Қазақстан Президентіне ниеттестігі үшін алғыс айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және өңіраралық қақтығыстарды шешудегі бітімгершілік рөлін ерекше атап өтті.

– Сіздің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабыңыз өзбек тіліне аударылды. Мен Сізге сол кітапты ыстық ықыласпен көрсеткім келеді, – деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан көшбасшысы бұл кітапты 1996 жылы Жизақ облысының хокимі болып тұрғанда оқығанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабынан үзінді келтірді.

– «Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды. Мен өз халқымды сүйемін. Оның мені бала кезімнен сабыр мен парасатқа баулығанын мақтаныш тұтамын. Бейбіт тәсілдерге ғана жүгініп, шиеленіс пен кикілжіңнің ережелеріне мойын ұсынғым келмейтіндігі де сондықтан», – деп Өзбекстан басшысы кітаптан үзінді оқыды.

Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев бұл кітаптың Өзбекстанның Мемлекеттік басқару академиясында оқу үдерісі барысында пайдаланылатынын атап өтті.

– Біз үшін Астана – Қазақстан Президентімен байланысты ұғым. Астана – Сіздің Отаныңызға деген сүйіспеншілігіңіздің көрсеткіші. Мен Сізді мақтан тұтамын. Кеше мен Жарлыққа қол қойдым. Соның мәтінін оқып беруді сұраймын, – деді Өзбекстан Президенті.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушы. Ұлт Көшбасшысының дана басшылығымен Қазақстан әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болды, бүгінде нарықтық экономикасы қуатты әрі азаматтық қоғамы ашық қарқынды дамыған демократиялық мемлекет болып саналады. Қазақстан Президенті біздің тәуелсіз мемлекеттеріміздің тату көршілік пен өзара түсіністік қарым-қатынастарын қалыптастырудың бастауында болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлесінің арқасында бауырлас өзбек және қазақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік көпірі орнықты. Осы негізде қазіргі уақытта елдеріміздің өзара тиімді және жемісті байланыстары нығайып келеді. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны кеңейтуге, сондай-ақ бейбітшілік пен даму жолындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ел юрт хурматы» («Ел-жұрт құрметі») орденімен марапатталсын», – делінген Жарлықта.

Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек халқына аса маңызды марапат үшін шын жүректен алғыс білдірді.

– Мен шет елдердің де, еліміздің де көптеген марапатына ие болдым, алайда бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені, көрші мемлекеттің жоғары бағасына ие болу – зор мәртебе. Мен үшін бұл тосын сыйлық. Біз әрдайым өзбек халқымен қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісетінімізді атап өткім келеді. Тек осылай ғана біз тәуелсіздігімізді сақтап қала аламыз. Бүгін күн тәртібінде тұрған барлық мәселе шешілді, жаңа міндеттер қойылды. Өзбек халқына және Шавкат Мирзиёевке тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Брифингті қорытындылаған Өзбекстан Президенті Қазақстан Президентіне табыс етілген марапат өзбек халқының және жеке өзінің Нұрсұлтан Назарбаевқа деген шынайы ниеті екенін атап өтті. 

***

Мемлекет басшысының Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

1. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Узбекистонтемирйуллари» акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Навои облысының хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы контрабандамен және кеден заңнамаларының бұзылуымен күрес жүргізудегі ынтымақтастық туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері туралы негіздемелік келісім;

8. Су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасы;

9. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының өткізу пунктері мен автомобиль жолдарын қайта жөндеу және жаңғырту, сондай-ақ тиісті аумақты абаттандыру жөніндегі жол картасы;

10. Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің бірлескен мәлімдемесі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің