National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді

2016 жылғы 22 тамыз

Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан Президенті өткен келіссөздердің жемісті болғанын айтып, биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті.

– Біздің елдерімізді ортақ тарих байланыстырады. Польша – Қазақстанның Еуропадағы ең жақын әрі маңызды серіктесінің бірі. Елдеріміздің арасында әсіресе экономикалық сала бойынша өзара тиімді көптеген перспективалы бағыттар бар. Ертең еліміздегі іскер топтар өкілдерінің қатысуымен ірі бизнес-форум өтеді. Жалпы құны 1 млрд доллар болатын екіжақты келісімдерге қол қою жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы республикамызда екі ел арасына дәнекер болып отырған 40 мыңға жуық поляк тұрып жатқанын атап өтті.

– Биыл олардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толады. Бұлардың барлығы – елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілімен тең құқылы өз азаматтарымыз. Мемлекет оларға барынша қолдау көрсетіп келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық әлеуеті артып отырғанына назар аударды.

– 5 жыл ішінде мыңға жуық жаңа өндіріс кәсіпорны іске қосылды. Польша бизнесмендерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, келесі жылдан бастап екі елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізу жоспарлануда, тікелей әуе байланысын жолға қою мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бүгінде өзара тауар айналымы 1 млрд 100 млн долларға жетті. Әрине, бұл қазіргі әлеуетімізді толық көрсете алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елдеріміздің түрлі бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

– Арамыздағы өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру және азаматтарымызға жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасау қажет. Елдеріміз арасындағы сенімді достық қарым-қатынас халықтардың жақындаса түсуіне септігін тигізетініне сенемін,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы Польша Президентін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне шақырып, поляк іскер топтары өкілдеріне Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қызметіне атсалысу жөнінде ұсыныс жасады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің