Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі аспектілерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі бірқатар өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығымен және Восточный ғарыш айлағынан алғашқы зымыран ұшырылуымен құттықтады.
– Бүгінде кез келген мемлекет осындай заманауи ғарыш айлағын іске қоса алмайды. Бұл Сіздің қолыңыздан келді. Сіздің ел үшін осы бір тарихи оқиға көптеген ұрпақтың жадында қалатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев биыл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті және ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі өтетінін еске салды.
– Биыл күн тәртібінде көп кездесу бар, бағдарлама ауқымды. Қазіргі күрделі кезеңде Еуразиялық экономикалық одақ қалыпты режимде дамып жатыр. Дағдарыс уақытында туындап жатқан қиындықтарды еңсеруге болады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Ресей Президенті Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына арналған парадқа қатысу мақсатымен Мәскеуге келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
– Біздің қарым-қатынасымыз да осылай жақсы әрі жан-жақты дами беретініне сенімдімін. Бүгін Сіз көрсеткен ілтипат ертеңгі күні де өзара сенімді нығайтып, достық байланыстарымыздың бұдан әрі дами беруі үшін жақсы жағдай қалыптастыратыны сөзсіз, – деді В.Путин.