Түрікменстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақыруын қабыл алып, қонақжай түрікмен жеріне келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
– Бұл – Орталық Азия өңірінің барлық елдеріне ортақ мереке. Бұл – біздің ниеттестігіміз бен ауызбіршілігіміздің көрсеткіші. Осы ойындарға 64 елдің өкілдері қатысып отыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өтініші бойынша 65-ші ел ретінде босқындардан тұратын құрама қатысуда. Олар осы ойындардың туын ұстап сынға түседі, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түрікменстан көшбасшысы Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны өзіне ұмытылмас әсер қалдырғанын ерекше атап өтті.
Қазақстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылық білдіріп, осындай іс-шараларды өткізудің маңызды екенін айтты.
– Мен Сізді осы Азия ойындарының өтуімен құттықтаймын. Көптеген спорт нысандары салынды, алдағы уақытта олар халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Мұндай іс-шаралар арқылы Түрікменстанның әлемге танымалдығы арта түседі. Биыл Қазақстан да ауқымды спорт сайысын – 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізді. Жалпы, біздің өңірде ірі халықаралық іс-шараларды өткізу өте маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көршілес Түрікменстанмен бауырлас қарым-қатынастарымызды атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
– Сіздің Қазақстанға жасаған сапарыңыздан кейін көп нәрсе жасалды, мемлекетаралық комиссия жұмыс жүргізуде. Біздің экономика саласындағы перспективамыз жақсы деп ойламын. Мен сіздерге Өзбекстаннан келдім, онда мемлекеттік сапармен болдым. Көп мәселе шешімін тапты: шекарааралық ынтымақтастық, акциздер, салық, тасымалдау саласындағы тарифтер. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда бірден артқаны байқалады. Биыл ол 35 пайызға өсті. Мен елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар да осылайша кеңейе түседі деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті Түрікменстан халқына және Түрікменстан Президентіне, сондай-ақ ойындарға қатысуға келген спортшыларға табыс тіледі.