Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен жүздесіп, бүгінгі отырыстың маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі тараптың да стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендігінің айқын көрінісі саналатынын айтты.
– Мемлекеттеріміз арқылы өтетін Әмудария мен Сырдария өзендері бассейндерінің мәселелерін талқылаймыз. Бұл екі өзен біздің балаларымыз бен немерелерімізге өмір сыйлайды. Осы проблемаларды бірлесе талқылаудың маңызы зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы саммиттің Түрікменстанда дер кезінде өткізіліп отырғанына тоқталып, Халықаралық Аралды құтқару қорының бұған дейінгі саммиті 2009 жылы өткенін атап өтті.
– Мен бауырлас Түрікменстанның даму барысын жіті қадағалап отырамын. Түрікмен халқына барлық жақсылықты тілеймін, – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.
Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіріп, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бауырлас елдерімізді біріктіретін Каспий теңізінің жағасына – Түрікменстанға қош келдіңіз! – деді Түрікменстан Президенті.
Түрікменстан басшысы Қазақстан Президентін Бесінші Каспий саммитінің табысты өтуімен және тарихи құжат – Каспий теңізіне қатысты конвенцияға қол қойылуымен құттықтады.
Екі ел көшбасшылары Жол картасын іске асыру, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қарастырды.
Соңында Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.