БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оны әрі қарай жандандыру мүмкіндіктері, сондай-ақ түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
***
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, инвестиция және көлік-транзит салаларындағы өзара ықпалдастықтың негізгі жайттары туралы сөз қозғалды.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.
***
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Венесуэла Боливариан Республикасының Президенті Николас Мадуро екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ осы байланыстарды кеңейтудің келешегін талқылады.
***
Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржпен кездесу барысында сауда-экономика саласындағы екіжақты ықпалдастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі қарастырылды.
Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.
***
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Куба Республикасының Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастро екі елдің түрлі саладағы өзара ықпалдастығын нығайтудың негізгі аспектілерін қарастырды.
***
Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдары талқыланды.
Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.
***
Чехия Республикасының Президенті Милош Земанмен әңгімеде чех көшбасшысының Қазақстанға былтырғы сапары кезінде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы сөз болды.
Екі мемлекеттің көшбасшылары қарым-қатынастардың жүйелі даму сипатын атай келе, одан әрі кеңейе беретініне үміт білдірді.
***
Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зумамен кездесуде саяси және сауда-экономикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды.
Тараптар сондай-ақ бірқатар перспективалы салалар бойынша, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудің қажеттігін атап өтті.