National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының сайланған президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті

2016 жылғы 30 қараша

Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трампты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, оған сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында табыс тіледі.

АҚШ-тың сайланған президенті Мемлекет басшысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. Д.Трамп тәуелсіздік жылдарында республикамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ғажап жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Әңгіме барысында әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасылды.

Қазақстан Президенті еліміздің ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыз әлем жолындағы күресті халықаралық қоғамдастықпен бірлесе жалғастыратынын айтты.

Д.Трамп бұл ұстаныммен толықтай келісетінін жеткізді.

– Жаһандық деңгейде шешілуге тиіс ядролық қарусыздану мен оны таратпаудан асқан маңызды мәселе жоқ, – деді АҚШ-тың сайланған президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трамптың назарын Ресей мен Америка ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік беретін басты үш салаға аударды. Олар: терроризммен күрес, Украинадағы дағдарысты реттеу және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту.

Ресей президенті В.Путинмен болған телефон арқылы сөйлесу қорытындысын ескеріп, АҚШ-тың сайланған президенті Вашингтон мен Мәскеу ынтымақтастығын дамытудың перспективасына өзінің зор оптимизммен қарайтынын атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Американың достық қарым-қатынасын, соның ішінде сауда-экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін мәлімдеді. Д.Трамп жақын арада екі көшбасшының кездесуін өткізуге мүдделілік білдірді.

Әңгімелесу соңында АҚШ-тың сайланған президенті барша Қазақстан халқына республика тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында игі тілегін жолдады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің