National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Астананың 20 жылдығына және Қазақстан Президентінің туған күніне орай шетел үкіметтері мен мемлекеттері басшыларының құттықтаулары

2018 жылғы 06 шілде

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өзінің құттықтау жеделхатында Астана мен Мәскеу арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығайып, Қазақстан мен Ресейдің Еуразиялық Экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара табысты ықпалдастығы кеңейе түсетініне сенім білдірді.

«Сіз өз еңбегіңіздің арқасында Қазақстан халқының құрметіне бөленіп, халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болдыңыз. Сіздің еуразиялық интеграция жөніндегі идеяларыңыз елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізіп, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді.

Шын жүректен Сізге зор денсаулық, бақ-береке, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін», – делінген жеделхатта.

***

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық тұрғыда нығайтуға қосқан жеке үлесін беларусь халқы жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Сіздің жасампаз және жан-жақты қызметіңіз Қазақстанды қуатты әрі тәуелсіз елге айналдырды, ал сындарлы әрі көреген сыртқы саясатыңыз халықаралық аренада кең қолдауға ие болды.

Екі жақты әріптестікті нығайту біздің достас халықтарымыздың мүддесіне және ортақ еуразиялық үйімізді дамытуға одан әрі қызмет ете береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

***

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз хатында Мемлекет басшысының Қазақстан халқының игілігі жолындағы барлық бастамаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

«Сіздің дана басшылығыңыздың арқасында бауырлас Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жетіп, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келеді.

Екі жақты қатынастарымыздың жоғары деңгейі Түрікменстан-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті және мемлекетаралық байланыстарды барлық бағыттар бойынша одан әрі кеңейту үшін берік негіз болатынына сенімдімін», – делінген жеделхатта.

***

Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян өз жеделхатында екі ел арасында қалыптасқан сындарлы өзара іс-қимыл Армения-Қазақстан мемлекетаралық ынтымақтастығының күн тәртібін елеулі түрде толықтыра түсетінін атап өтті.

«Сіз мемлекетті басқару ісіндегі мол тәжірибеңіздің, Қазақстан Республикасының мүддесін табандылықпен қорғай білетіндігіңіздің және кең көлемді халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету міндеттерін шеше алатындығыңыздың арқасында халықаралық аренада зор құрмет пен барша жұрт мойындаған беделге ие болдыңыз.

Сізге зор денсаулық, амандық пен толайым табыс, ал Қазақстан халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін», – делінген жеделхатта.

***

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Еуразиялық экономикалық одақты құруға және қалыптастыруға зор үлес қосқанын атап өтті.

«Сіз өткен ғасырдың 90-шы жылдарының өзінде елдеріміз үшін қазіргі күрделі әлемде егемендік пен тәуелсіздікті сақтаумен қатар өз экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды екенін де түсініп, осы мақсатпен еріктілік пен тең құқылы ұстанымға негізделген мемлекетаралық бірлестік құруды ұсындыңыз. Сіздің идеяңыз жүзеге асып, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Осы ұйымда Молдова Республикасы бақылаушы мемлекет мәртебесін алды», – делінген жеделхатта.

***

Испания Королі VI Фелипе Астананың 20 жылдық мерейтойына және Мемлекет басшысының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

«Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне қатысу үшін Сіздің еліңізге сапармен барғанда қонақжайлық танытып, мені ыстық ықыласпен қарсы алғаныңыз есімде.

Осы тамаша мүмкіндіктің арқасында мен елордаңыздың заманауи инфрақұрылымы бар әрі жарқын болашаққа ұмтылған ірі қалаға айналғанын көрдім», – делінген жеделхатта.

***

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Қазақстан мен Польша арасындағы достық қатынастар екі жақты табысты ынтымақтастықтың дәлелі екенін атап өтті.

«Қазақстан Польшаның Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптестерінің бірі саналады.

Жаһандық проблемаларды шешу ісіне белсенді атсалысқаныңыз үшін Сізге зор құрметпен қараймын. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезіндегі бастамалары, соның ішінде өзім қатысқан жоғары деңгейдегі жарыссөздер – соның айқын дәлелі. Сіз қолға алып жатқан игі істер өңірде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізеді ден сенемін», – делінген жеделхатта.

***

Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Мемлекет басшысына жауапты қызметте табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.

«Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тәнті екенімді білдіргім келеді. Сіз тиімді басшылығыңыздың арқасында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Бес әлеуметтік бастама», «Қазақстан – 2050» стратегиясы» сияқты бастамалар аясында көздеген мақсаттарыңыздың бәріне қол жеткізесіз деп сенемін.

Сіздің көрегендігіңіз бен жұмысқа берілгендігіңіздің арқасында Қазақстан қарыштап дамып, бірте-бірте әлемде маңызды орынға ие болып келе жатыр», –делінген жеделхатта.

***

Болгария Республикасының Президенті Румен Радев екі жақты негіздегі және Еуропа Одағы мен Қазақстан қарым-қатынастары аясындағы мемлекетаралық диалогтың даму барысына көңілі толатынын айтты.

«Елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық қарым-қатынастар біздің саяси, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастығымыздың нығаюына өз үлесін қосатынына сенімдімін», – делінген жеделхатта.

***

Грузия Президенті Гиоргий Маргвелашвили Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бергі, салыстырмалы түрде, аз уақыт ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында қуатты, дамыған, жоғары халықаралық бедел мен сенімге ие болған мемлекетке айналғанын атап өтті.

«Бұл күндері 20 жылдығын атап өтіп жатқан Астана заманауи Қазақстан дамуының символы екені сөзсіз.

Сіздің Грузия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаныңызды ерекше атап өткім келеді. Екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастар дәстүрі алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

***

Хорватия Республикасының Президенті Колинда Грабар-Китарович Мемлекет басшысына зор денсаулық, ал барша Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

«Сенімді және тұрақты ынтымақтастықтың арқасында екі жақты байланыстарымыз, әсіресе экономика саласындағы қатынастарымыз одан әрі нығая беретініне сенімдімін. Соңғы жиырма жылдың ішінде республиканың саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналған Қазақстан елордасы – Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын», – делінген жеделхатта.

***

Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин өзінің құттықтау жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан елордасының қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіне қосқан жеке үлесін атап өтеді.

«Бүгінгі таңда Сіздің дана басшылығыңыздың арқасында Астананың тамаша елордаға айналғанын жоғары бағалаймын.

Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы 1992 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды орнатқан сәттен бастап түрлі салада достық қатынастар пен ынтымақтастықты дамытып келе жатқанына қуаныштымын. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту үшін Сізбен өзара тығыз ықпалдастықты күшейткіміз келеді», – деп жазады Корея Республикасының Президенті.

***

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстан Президентінің екі мемлекетті байланыстыратын достық қарым-қатынастарды, тату көршілікті және одақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

«Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келеді және энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, жоғары технологиялар мен басқа да салалардағы перспективті бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Үкіметтеріміз арасындағы белсенді әріптестікке негізделген жұмыстар тәжірибе жүзіндегі кооперацияны одан әрі арттыруға және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық іс-қимылдарымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», – делінген жеделхатта.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің