Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай – тату көршілер әрі көп жақты стратегиялық серіктестер. Мен Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының даму барысын жоғары бағалаймын және Сізбен бірлесе отырып, өзара қолдауды әрі қарай нығайтуға, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыруға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге, екі ел халықтарының игілігі үшін жұмыс істеуге дайынмын», – делінген жеделхатта.
***
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қазіргі Қазақстанның жоғары жетістіктерінің, табыстары мен жеңістерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты екенін айтты.
«Өзіңізді халыққа адал қызмет етуге арнаған, еліңіздің болашағы мен әр азаматтың тағдырына алаңдайтын басшы ретінде таныттыңыз. Сіз шын мәніндегі адами және іскерлік қасиеттеріңіздің, әділ де талап қойғыш басшыға тән талантыңыздың арқасында тек Қазақстан мен біздің өңірде ғана емес, сондай-ақ одан да шалғай жерлерде зор құрмет пен жоғары беделге ие болдыңыз», – делінген жеделхатта.
Ш.Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай да дәйекті түрде дамып, жан-жақты нығая беретініне сенім білдірді.
***
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстанды одан әрі өркендету және дамыту жолындағы қызметіне толайым табыс тіледі.
«Тәжікстанда халықтарымыздың арасындағы тарихи қарым-қатынастардың, достық пен құрметтің тұрақты дамуына қосқан Сіздің жеке үлесіңіз жоғары бағаланады. Біз Астанадағы жуырда өткен келіссөздер мен кездесулер барысында Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы көп жақты ынтымақтастықты жаңа маңызды уағдаластықтармен нығайттық. Олардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы елдеріміздің стратегиялық серіктестігін жан-жақты бекемдеудің факторы болатынына сенімдімін», – делінген жеделхатта.
***
Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга өзінің құттықтау жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтіп, Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті барысында өткен екі жақты кездесудің нәтижелеріне оң баға берді.
«Мен Сіздің сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілету үшін бізде зор мүмкіндіктер бар деген пікіріңізбен келісемін. Біз алдағы уақытта ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында өзара белсенді ықпалдастықты дамытуға дайынбыз.
Сізге зор денсаулық, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін!», – делінген жеделхатта.
***
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Елбасының басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін атап көрсетті.
«Сіздің көшбасшылығыңыздың, дана әрі көреген саясатыңыздың нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттілігі нығайып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, беделі күннен-күнге артып келеді.
Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды дамытып, нығайтуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Әзербайжан мен Қазақстанның достығы мен ынтымақтастығының әріптестікке негізделген стратегиялық сипаты алдағы уақытта да халықтарымыздың мүддесіне қызмет ете беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
***
Украина Президенті Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, күш-жігер және жаңа жетістіктер, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
«Украина мен Қазақстан арасындағы достық және әріптестік қарым-қатынастар, сондай-ақ халықтарымыз арасындағы ізгі байланыстар екі елдің одан әрі өсіп-өркендеуіне және өзара тиімді ынтымақтастығына негіз болады», – делінген жеделхатта.
***
Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян өзінің құттықтауында екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар мен өзара құрметке негізделген күш-жігер Армения мен Қазақстанның байланыстарын одан әрі өркендетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
«Сіздің Мемлекет басшысы ретіндегі ел экономикасын дамытып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған қызметіңіз, өзіңіз жүргізіп отырған орнықты бағдардың арқасында, мемлекетті қалыптастыру тұрғысынан өзіндік қолтаңбаңызды айшықтайды», – делінген жеделхатта.
***
Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл өзінің құттықтау хатында еліміздің өсіп-өркендеуі үшін Қазақстан Президентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды атап өтеді.
«Қазақстанның ұлт көшбасшысы бола отырып, Сіз өзіңізді салмақты әрі дәйекті шешім қабылдай білетін талантты басшы ретінде көрсеттіңіз. Атап айтқанда, республиканың игілігіне айналған берік дінаралық келісім мен ұлтаралық түсіністік Сіздің бастамаларыңыздың айқын жемісінің көрінісі болып саналады», – делінген жеделхатта.