Нұрсұлтан Назарбаев Әбдел Фаттах Ас-Сисиді Мысыр Араб Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Бұл жеңіс – Сізді мемлекеттің мүддесі мен жарқын болашағына қызмет ететін нағыз патриот және еліңіздің бірлігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ете алатын парасатты әрі тәжірибелі саяси көшбасшы ретінде халқыңыздың мойындауының тағы бір айқын дәлелі. Мыңдаған жылдық көне тарихы бар Мысыр елі келешекте Сіздің басшылығыңызбен өтпелі кезеңдегі қиыншылықтарды еңсеріп, орнықты даму жолына түсетініне сенімдімін. Астана мен Каир арасында орнаған достық қарым-қатынастар бауырлас екі халықтың береке-бірлігі үшін одан әрі өркендей беруіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.