Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануына орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр.
Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск өзінің құттықтау хатында Еуропалық одақтың Қазақстанмен қарым-қатынасына бейілді екенін тағы бір нақтылаған.
«Қазақстан – Еуропалық одақтың маңызды әріптесі. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісім, болашақтағы тереңдетуге ұмтылған біздің мазмұнды іс-қимылымыздың негізі болып табылады», - делінген жеделхатта.
Дональд Туск бейбітшілік, тұрақтылық және гүлдену болып табылатын Қазақстанның аймақтық ынтымақтастық пен диалогтарды жүргізудегі рөлін құптады.
Чехия Республикасының Президенті Милош Земан да Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.
«Мен Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайланғаныңыз туралы хабарды үлкен қуанышпен қабылдадым. Сіздің басшылығыңызбен екі елдің достық қарым-қатынасы бұдан әрі қарай да гүлденіп, ынтымақтастығымыз халықтарымыздың игілігі үшін дами беретініне нақ сенімдімін», - делінген жеделхатта.
ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев өзінің құттықтау жеделхатында, ТМД елдерінің атынан байқаушылар миссиясының жетекшісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының алдында үлкен сенімге ие екеніне шынайы көз жеткізгенін атап өткен.
«Сіздің Мемлекет басшысы лауазымындағы қызметіңіз бұдан әрі қарай да Қазақстан Республикасының қарыштап дамуына, халықаралық деңгейде өз ұстанымын нығайтуға, сондай-ақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің тереңдей түсуіне зор ықпал етеріне сенімдімін», - делінген жеделхатта.
Татарстан Президенті Рустам Минниханов халықтың қолдауы аса жауапты лауазымда жемісті қызмет ету үшін берік әрі қуатты құрал деп атап өткен.
«Біздің бауырлас Татарстан мен Қазақстан халықтарының арасындағы конструктивті және тілектес ынтымақтастық дәстүрімізді, Ресей-Қазақстан көпқырлы стратегиялық қарым-қатынасының бір бөлігі ретінде қарастырып, өзара мазмұнды іс-қимылды арттыратынымызға сенімдімін», - делінген жеделхатта.