Жеделхатта өз елі басшылығының жаңа буынының жарқын өкілі болып саналатын Тамим бен Хамад Әл Тәнидің білімі мен күш-жігерін елін жаңа жетістіктерге жеткізуге жұмсайтынына, сондай-ақ әкесінің сара жолын жалғастыратынына сенім білдірілген. «Қазақстан мен Катар арасындағы достық және әріптестік өзара қарым-қатынастар жоғары қарқынын жоғалтпай, болашақта да екі ел халықтарының игілігі жолында тереңдей түсетініне зор үмітпен қараймын», – делінген жеделхатта. Соңында Мемлекет басшысы Катар Әміріне денсаулық және мемлекеттік қызметте табыс, ал достас Катар халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеген.