Биылғы 18-20 шілде аралығында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қамтылған 5 институционалдық реформаны іске асыру аясында құқық қорғау жүйесін жаңғырту жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобына жетекшілік еткен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев Германия Федеративтік Республикасына сапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты – құқық қорғау органдарына кадрларды іріктеу және даярлаудағы, сондай-ақ федералды және жер полициясының қызметі мен өзара ықпалдастығын ұйымдастыру жөніндегі әлемнің бірден-бір үздік тәжірибесімен танысу, қылмыстық жазалар жүйесін зерттеу. Сапар барысында Сыртқы істер министрлігінің және Федералдық ішкі істер министрлігінің, өңірлік полиция мен пенитенциарлық жүйе органдарының, сондай-ақ полиция академиясының басшылығымен кездесулер өткізілді. Өткізілген іс-шаралар нәтижелері құқық қорғау қызметінің тиімділігі мен мәртебесін, қызметкерлердің жалақысын және әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуін жақсарту үшін атқарылатын жұмыс барысында ескерілетін болады. Сапар барысында Н.Ермекбаев Бремендегі «Райнметал груп» әскери-өнеркәсіптік кәсіпорынға барып, жасалған өнімдердің үлгілерімен танысты.