Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов пен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудовтың төрағалығымен және орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өткен келіссөздер барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті міндеттері қаралды. Тараптар контрабандаға қарсы іс-қимыл және кеден заңнамасын бұзушылықтар бойынша шекаралық қызметтер мен кеден органдарының өзара тиімді әрекеттестігін арттыру мәселелерін талқылады. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттері мен автомобиль жолдарын қайта құру және жаңғырту, іргелес аумақты жайластыру жөніндегі жол картасының тармақтарын орындау барысы қаралды. Келіссөздердің күн тәртібіне Орталық Азиядағы тату көршілік пен өзара сенімді одан әрі нығайту бойынша шаралар енгізілді. Екі мемлекеттің өкілдері Ауғанстандағы жағдайдың аясында өңір қауіпсіздігі және оның тұрақты дамуы мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, тараптар діни экстремизмнің алдын алу саласында жинақтаған тәжірибелерімен және ұсынымдарымен алмасты. Жұмыс қорытындысы бойынша екі елдің тиісті мемлекеттік органдарына нақты тапсырмалар берілді.