National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы комиссиялар

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия

Комиссия «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы №470 Жарлығымен шетелде кадрлар даярлауды одан әрі жетілдіру және оңтайландыру мақсатында құрылды.

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі - Республикалық комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы (бұдан әрі – «Болашақ» халықаралық стипендиясы) мен ғылыми тағылымдамалардан өту мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылады.

Республикалық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Республикалық комиссияны Қазақстан Республикасының Вице-Президенті басқарады. Республикалық комиссия төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі, хатшысы – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлiгi Республикалық комиссияның жұмыс органы болып табылады.

Республикалық комиссияның негiзгi мiндеттерi:

шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi жалпы стратегияны айқындау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына (бұдан əрі – Іріктеу қағидалары) сəйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау, одан айыру туралы шешім қабылдау;

«Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуге конкурсқа қатысу үшін жұмыскерлердің санаттарын жыл сайын айқындау;

«Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін үйлестіруді қамтамасыз ету;

ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бекітетін Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамалардан өту қағидаларына сәйкес ғылыми тағылымдаманы тағайындау, одан айыру туралы шешім қабылдау;

Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, негiзгi қызмет үшiн қажеттi өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.

Республикалық комиссияның төрағасы республиканың заңдары мен Ережесіне сәйкес оның жұмысын ұйымдастырады және Республикалық комиссияның қызметiн қамтамасыз етедi.

Республикалық комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары жүзеге асырады.

Республикалық комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Республикалық комиссияның қарауына ұсынады.

Республикалық комиссияның отырыстары оның жоспарына сәйкес өткiзiледi. Жоспардан тыс отырыстар қажеттiгiне қарай Республикалық комиссия төрағасының шешiмi бойынша өткiзiледi.

Республикалық комиссияның отырыстары комиссия мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi қатысқан жағдайда құқықтық күшi болады. Республикалық комиссияның шешiмi ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерi санының кем дегенде төрттен үшiнiң дауысымен қабылданады.

Республикалық комиссияның жұмыс органы:

«Болашақ» халықаралық стипендиясына үмiткерлердiң жеке iстерiнiң мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды белгiлейдi;

«Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін мәндес мамандықтар тізбесін, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің (бұдан әрі - стипендиат) оқуы, тілдік курстардан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың тізімін, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін, тілдік курстардың ұзақтылық кестесін бекітеді;

тамақтануға, тұруға, оқу әдебиеттерін сатып алуға арналған шығыстар нормаларын әзірлейді және бекітеді, тұратын жерінен шет елдердің тиісті мемлекеттік органдары, шетелдің жоғары оқу орындары, тілдік курстар мен тағылымдамаларды өткізуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, статистикалық, рейтингілік және өзге де тиісті ұйымдар және/немесе шет мемлекеттің уәкілетті органдары белгілеген оқытуды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың және/немесе өзге ақпараттың негізінде оқитын, тілдік курстардан не тағылымдамадан өтетін жеріне дейін жол жүру бойынша көлік түрі мен сыныбын анықтайды;

«Болашақ»  халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткiзу мерзiмдерiн бекiтедi;

мүдделi мемлекеттiк органдармен, жоғары оқу орындарымен, ғылыми және өзге де ұйымдармен келiсiм бойынша тәуелсiз сараптама комиссиясының құрамын, оның жұмысының тәртiбiн және ұйымдастырылуын, сондай-ақ үмiткерлердiң тәуелсiз сараптама комиссиясының мүшелерiмен дербес әңгiмелесуiн бағалау парағын бекiтедi;

мемлекеттік тілді білудің қажетті ең төмен деңгейін, шетелдік жоғары оқу орындарының, шет мемлекеттердің уəкілетті органдары айқындайтын шетелдік ұйымдардың талаптарын ескере отырып, шет тілін білудің қажетті ең төмен деңгейін белгілейді;

үмiткерлердiң материалдарын Республикалық комиссияның қарауына енгiзедi;

«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен ғылыми тағылымдамалар бойынша іс-шараларды қамтамасыз етуге және іске асыруға қажетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады;

Республикалық комиссияның міндеттерін жүзеге асыру шеңберінде қарауы оның құзыретіне кіретін мәселелерді қоспағанда, «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияны құрады;

стипендиаттармен оқуға/тағылымдамадан өтуге шарт жасасу, стипендиаттарды орналастыруды жүзеге асыру, стипендиаттардың үлгерімі мен еңбек қызметін жүзеге асыру, стипендиаттардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған кепіл мүлкін ауыстыру, Республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарған күннен бастап тұрақсыздық төлемін (айыппұлды) қоса алғанда, стипендиатқа жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі мен шарттарын бекітеді;

Іріктеу қағидаларына сəйкес «Болашақ» халықаралық стипендиясынан бас тартуды қабылдайды, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша еңбек қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін басым мамандықтар тізбесін жыл сайын бекітеді;

Іріктеу қағидаларында айқындалған адамдар санаттары үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының шекті санын жыл сайын белгілейді.

 

 


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару