Алматы қаласы Кездесуде Ауғанстандағы дағдарысты тұрақтандыру, гуманитарлық көмек көрсету және әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігер аясында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету, ауған студенттері үшін білім беру бағдарламаларын жалғастыру салалары бойынша халықаралық қоғамдастықпен жан-жақты ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді екенін растады. Дебора Лайонс Мемлекет басшысына Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілдерінің кеше Алматыда өткен екінші кездесуінің қорытындысы, сондай-ақ UNAMA кеңсесінің Ауғанстанды қалпына келтіру үшін қабылдаған шаралары жөнінде мәлімет берді. БҰҰ жоғары лауазымды өкілі осы Ұйымның Ауғанстандағы миссиясының қызметіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес UNAMA-ның уақытша қашықтағы кеңсесі Алматыда орналасатын болды. Жуық арада Қазақстандағы аталған миссияның мәртебесі туралы келісімге қол қойылады.