National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

2021 жылғы 26 мамыр

Видео конференция режимінде өткен жиын барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Қазақстандық Күн энергиясы ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов, «Total Energies Kazakhstan» компаниясының бас директоры Алем Фрига-Ной баяндама жасады.  

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы еліміздің электр энергетика саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор.   

– Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент өз сөзінде энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән берді.

– Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді.  Өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс.

– Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400 пайызға жетеді. Мұның нарықтың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты қағидаты сақталмауда. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлемде жеңілдік алмайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қуат беретін жаңа көздерді жаңғыртудың және іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, Алматыдағы екінші ЖЭО-ны газға көшіру жобасына арнайы тоқталды.  

– Бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты. Сондықтан Үкіметке, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына әкімдікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. Еуропалық одаққа мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарлануда. 2023 жылдан бастап Еуропалық одақта көміртегі салығы («carbon tax») енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді.  

– Әлемдік дамудың қазіргі кезеңінде кез келген елдің мәртебесі, беделі, соған сәйкес халықаралық мүмкіндіктері, көп жағдайда, көміртегіден ада әлемдік  экономикаға қосқан үлесі бойынша айқындалатынын түсіну маңызды. Атап айтқанда, бұл – еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қабылдану мүмкіндігін анықтайтын өлшемдердің бірі, – деді Мемлекет басшысы.


Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалуда.

– Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде, жылу станциялары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, олардың 50 пайыздан астамы тозған. Бұл электр станцияларындағы технологиялық заң бұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады. 2019 жылы – 4010, 2020 жылы – 4458 заң бұзушылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11 пайызға артқан. Энергия көздеріне ауқымды техникалық аудит жүргізу қажеттігі туындап отыр. Біз энергия қуатын беретін станциялардың қай жерде және қашан іске қосылатынын немесе істен шығатынын, сондай-ақ, олардың жөнделетін, жаңғыртылатын уақытын анық білуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3 пайызға жеткізе алды.

– Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді  міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, Қазақстан қуат көздері бойынша бай ел болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалуы тиіс.

– Жаңартылатын қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі әлі де өте аз. Көздің жауын алатын жаңа станцияларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды дайындау қажет. Әйтпесе, тарифтер арқылы төлем жасап, шетелдік тауарлар мен технологияларға бүкіл ел үлес қосады. Үкіметке жаңартылатын энергия көздері мен жалпы энергетика саласындағы озық халықаралық оқшаулау тәжірибесін мұқият зерттеп, пайдалануды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ынталандыру қажет екенін атап өтіп, «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын станцияларды пайдаланудың пилоттық жобаларын жүзеге асыруды ұсынды.

– Мен таза энергетиканы және жалпы жасыл технологияны жақтаймын. Жаңартылатын қуат көздерін пайдаланатын электр станцияларын салуды қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес әрі қате деген мамандардың пікірімен келісті.

– Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды, – деді  Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде электр желілері компанияларының жұмысын реттеу қажет екенін атап өтті. Үкімет пен облыстардың әкімдіктеріне электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту үшін кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Бұдан бөлек кадр мәселесі де өте өзекті болып отыр.

– Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 пайыздан 15 пайызға дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе, бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі. Үкіметке осы саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу деңгейін қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған саланы дамытуға халықаралық инвесторларды тарту маңызды міндет екенін айтты. Президенттің тапсырмасы бойынша Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Еуропаның басқа да мемлекеттерінің инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде.

– Тұрақты жабдықтау, тарифтердің қолжетімділігі – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты компоненттері. Сондықтан электр энергиясының құнын әділетті нарық құнына негіздеу маңызды болып отыр. Бүгінде электр қуатының көтерме нарығында үш-ақ компания озық тұр. Олар нарықтың 70 пайызын қамтиды. Мұны соншалықты дұрыс деуге келмейді. Электр қуатының көтерме саудасындағы екіжақты шарттар жаңадан ашылған сатып алушы компанияларға кедергі келтіріп, электрмен қамтудың бөлшек сауда нарығындағы бәсекенің дамуына тосқауыл болып отыр. Бұл тұтынушылар үшін бағаның қымбаттауына алып келеді, – деп атап өтті Президент. 

Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, аталған мәселені мұқият пысықтау тапсырылды. Бұдан бөлек Үкіметке парниктік газдардың қалдықтарына квота сату жүйесін қайта іске қосуды қамтамасыз ету қажет.

– Әлемде энергияны генерациялаудың және сақтаудың жаңа технологиялары пайда болып, апробациядан өткізілуде. Техниканың тым жылдам дамып жатқанын ескерсек, бұл да жуық арада қолданысқа енуі мүмкін. Атап айтқанда сутегі қуатын дамыту қарқын ала бастайды. Біз бұған дайын болуымыз қажет. Мұндай технологиялармен жұмыс істей алатын мамандар тобының болуы маңызды. Жаңа энергетика жөніндегі құзырет орталығын ашуды ұсынамын. Онда энергетика саласындағы жоғары технологиялық инновацияларды пайдалану тәжірибесі сынақтан өтетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, халық санының артуы және экономиканың өсімі жаңа қуаттарды енгізуді талап ететіні сөзсіз. Алайда мүмкіндіктер шектеулі. Сондықтан экономиканың энергия сыйымдылығын азайту – маңызды міндет. Оны шешу тауарларымыздың және тұтас салалардың бәсекеге қабілетті болуына тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы Үкіметке аталған мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің