Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің көрнекті мемлекет қайраткері және танымал саясаткері, Қаржы және өнеркәсіп министрі Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның дүниеден өтуіне байланысты БАӘ-нің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әміршісі Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға көңіл айту жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды. «Шейх Хамдан Әмірліктердің дамуы мен өркендеуі, халқының игілігі мен мүддесі жолындағы ұзақ жылдар бойы атқарған мінсіз қызметінің арқасында зор құрметке ие болғаны баршаға белгілі. Қазақстан халқы да ағаңыз Шейх Хамдан Әл Мактумды екіжақты қарым-қатынастардың нығаюына сүбелі еңбек сіңірген еліміздің нағыз досы, тілектес бауыры ретінде әрдайым есінде сақтайды. Жоғары мәртебелі Шейх Мұхаммед, орны толмас ауыр қайғыңызға ортақтасып, бүкіл қазақстандықтар мен жеке өз атымнан Сізге және Әмірліктер халқына көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.