National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

2024 жылғы 08 тамыз

Шағын құрамдағы келіссөз бен Мемлекетаралық кеңес отырысынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Президент Өзбекстан басшысының мемлекеттік сапарын екі елдің ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалап, Қазақстан мен Өзбекстанның ежелден іргесі бөлінбеген ағайын ел екенін атап өтті.

– Бүгін біз өзара қолдау және сенім рухында нәтижелі келіссөздер жүргіздік. Қарым-қатынасымызды жандандыруға мүдделі екенімізді тағы да атап өттік. Сондай-ақ Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын қабылдадық. Бұл құжат алдағы он жылға арналған. Басты мақсат – достығымызды арттырып, сан түрлі саладағы тиімді байланысты дамытуға тың серпін беру. Сапар аясында Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда қабылданған шешімдердің стратегиялық маңызы өте зор. Кеңес барысында қазақ-өзбек ынтымақтастығының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмастық. Өзара серіктестікті нығайта түсудің тиімді жолдарын айқындадық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік, – деді Президент.

 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы сауда-саттық бойынша ең ірі серіктестер екеніне назар аударып, өзара тауар айналымын таяу арада 5 миллиард, кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғанын айтты.

– Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Жалпы, сауда-саттықтың ауқымын кеңейтуге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 миллион долларға арттыра аламыз, яғни өңделген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қазақстанға көптеген өнімдерін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Былтыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Бұл – жалпы сауда-саттықтың шамамен үштен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агроөнеркәсіп өнімдерін Өзбекстаннан импорттауға мүдделі. Сонымен қатар Өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін экспорттауды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өнеркәсіп саласындағы жаңа әрі ауқымды жобаларды қолға алу мәселесіне айрықша мән берілгеніне тоқталды.

– Қазір жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударып отырмыз. Кеше Астанада бизнес форум және Іскерлік кеңестің алтыншы отырысы өтті. Онда кәсіпкерлеріміз ірі коммерциялық келісім-шарттарға және өзге де құжаттарға қол қойды. Үкіметтеріміз бірлескен кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Сондай-ақ аймақаралық байланыстың әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Қарым-қатынасты нығайтуға аймақтар арасында жасалған келісімдер де едәуір ықпал етеді. Осы ретте, жылдың соңына дейін кезекті Аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты келіссөз барысында талқыланған тағы бір маңызды тақырыптың бірі – көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық.

–Транскаспий бағытын және Солтүстік – Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ, Ауғанстан арқылы өтетін темір жол құрылысы аясында бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесін пысықтадық. Жалпы, осы бағыттағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін береді деп ойлаймыз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы жұмысты үйлестіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

– Қазір екі елдің жауапты ведомстволары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдары арнайы кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Біз бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім салаларындағы ынтымақтастық тақырыбына арнайы тоқталды.

 – Жастарды жақындата түсетін маңызды бастамаларды талқыладық. Жыл сайын екі ел жастарының конгресін өткізу дәстүрге айналған. Қазір Қазақстанда Өзбекстаннан келген алты мыңға жуық студент оқып жатыр. Қазақ жастары да Өзбекстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бүгін Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылды. Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы өз жұмысын бастады. Жаңа біз осы оқу орындарын салтанатты түрде аштық. Мұның бәрі бауырлас екі халықтың ортақ игілігі үшін жасалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев бірлескен жүйелі және практикалық шаралардың нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтастығын одақтастық деңгейіне шығарғанын атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік, ауыл және су шаруашылығы, мәдениет салаларындағы байланыстарды одан әрі кеңейту жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

– Өзара ықпалдастығымыздың маңызды бағыттарының бірі саналатын өңіраралық байланыстарды жандандыру жөнінде келістік. Қазіргі Аймақаралық ынтымақтастық форумын елдеріміздің барлық облысын тарта отырып, Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылымдау туралы бастама көтерілді. Таяу келешекте өзара тауар айналымын ұлғайтуды көздейтін Кешенді бағдарлама қабылданады. Екі елдің әлеуеті зор, – деді Шавкат Мирзиёев.

Ертең, 9 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысады.

 

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қазақ-өзбек екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі шешімі;

3. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекіту жөніндегі шешімі.

 

Сонымен қатар Өзбекстан Президентінің елімізге мемлекеттік сапары аясында мынандай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспары;

5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы хаттама;

7. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;

8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы бәсекелестікті қорғау саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;

10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты арасындағы Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

11. «Отандастар» қоры мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісім;

12. Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласының хокимияты арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары («Жол картасы»);


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің