Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей үкіметтері басшыларының өткізген келіссөздерінің қорытындысын жоғары бағалады.
– Кеше Сіздер өте мазмұнды, табысты келіссөздер жүргіздіңіздер. Екі мемлекеттің сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамығанын атап өткім келеді. Ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды келісімдерге қол қоюға дайындық жүріп жатыр. Пандемияға байланысты туындап отырған барлық қиындықтарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда өткен 5 айдың ішінде 26 пайызға артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті болашақта экономикалық байланыстарды арттырудың әлеуеті зор екеніне назар аударды.
– Біздің жоспарымыз нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастығымызды нығайта түсу. Қазіргі уақытта екі ел үкіметтері машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да аса маңызды салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға күш жұмылдыруда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Сіздің осы жұмысқа деген құлшынысыңызды құптаймын және табысты болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, Президент Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.
– Біз бауырлас Қазақстанмен арадағы достық, әріптестік және одақтастық қатынастарымызды жоғары бағалаймыз. Үкіметтеріміз арасындағы байланыстардың мазмұны терең. Бірлесіп жұмыс жасауға зор мүмкіндіктер бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз жақсы дамып келеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өзара тауар айналымы үш есеге артты. Жылдың соңына дейін сауда айналымынан өте жоғары көрсеткіштер күтеміз және оған барлық мүмкіндіктер бар. Инвестициялық бағытта да өзара табысты жұмыс істеп жатырмыз. Ресей бизнесі Қазақстанның 32 ірі жобасына қатысуда. Қазақстандық әріптестеріміз де Ресейдің жобаларына белсенді атсалысып жатыр, – деді Михаил Мишустин.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Ресейдің пандемияға қарсы күрес және бірлесіп вакцина шығару сияқты өзара іс-қимылдағы басым бағыттар туралы сөз болды.
Тараптар аймақтар арасындағы байланыстардың оң қарқыны туралы да пікір алмасты. Бұл қатынастарға осы күзде Көкшетау қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін кезекті Аймақаралық ынтымақтастық форумы тың серпін береді.