1967 жылы Ұлытау облысы, Қарсақпай ауылында дүниеге келген.
1989 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, 2022 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін бітірген.
Биология ғылымдарының кандидаты (1995), биология ғылымдарының докторы (2002) ғылыми дәрежелері және доцент, қауымдастырылған профессор (1998), профессор (2020) ғылыми атақтары бар.
Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияның иегері (2002-2003).
Әл-Фараби атындағы Ғылым және техника саласында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2021).
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы.
Оңтүстік Кореядағы K-Water компаниясында және Италиядағы Венеция халықаралық университетінде тағылымдамадан өтіп, оқыды.
Еңбек жолын 1989 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Биологиялық химия кафедрасының ассистенті болып бастаған.
1989-2006 жж. бірқатар жоғары оқу орнында ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды.
2006-2008 жж. – Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Орталық аппаратының бас маманы, бас сарапшысы.
2008-2013 жж. – «Ұлттық биотехнология орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ғылым департаментінің директоры.
2013-2018 жж. – «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары.
2018-2022 жж. – «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры.
2022 жылдың 16 тамызы – 2023 жылдың 12 сәуірі аралығында «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директоры қызметін атқарды.
2023 жылдың 12 сәуірі – 2024 жылдың қаңтары аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ басқармасының президенті болды.
2024 жылғы 22 қаңтарда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Ғылыми-техникалық бағдарламаларға, соның ішінде 200-ден астам ғылыми жобаға жетекшілік етті. 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде бірнеше мақаласы халықаралық дәрежедегі ғылыми журналдарда жарияланған. Патенттелген 47 өнертабыстың және 2 халықаралық патенттің авторы. Сондай-ақ өндіріске енгізілген вакциналардың, сынақ-жүйелерінің, биоөнімдердің 18 инновациялық технологиясын әзірлеген. Иммунобиологиялық препараттарды шығаратын Орталық Азиядағы бірінші толық циклді зауыттың технологиялық желісі бойынша кеңесшісі және сарапшысы.
«Халық алғысы» медалімен (2020), «Құрмет» орденімен (2023) марапатталған.
Ұлытау облысының Құрметті азаматы (2023).