National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің бірлескен мәлімдемесі

2023 жылғы 10 сәуір

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына ресми сапармен келді.

Достық және сенім аясында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жай-күйі мен оны нығайту, барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Мемлекет басшылары 2005 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шартқа, сондай-ақ 2022 жылғы 24 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға бейілділігін растай отырып, Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының оң серпінін қанағаттанушылықпен атап көрсете отырып, мыналар туралы мәлімдейді:

1. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы (бұдан әрі – Тараптар) арасындағы ортақ тарихқа, тілге, мәдениет пен дәстүрге, тығыз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделген қатынастар екі мемлекеттің бауырлас халықтарының түпкілікті мүдделеріне
сай келеді.

Осыған байланысты Тараптар бір-бірінің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын нық қолдау негізінде стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды дамытуды және нығайтуды жалғастырады.

2. Тараптар бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде тығыз өзара іс-қимыл жасайды және осы мақсатта бір-бірінің бейбіт бастамаларын ілгерілетуге жан-жақты жәрдемдесетін болады. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның мамандандырылған мекемелері, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және өздері мүшелері болып табылатын басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды одан әрі үйлестіріп, бір-біріне қолдау көрсететін болады.

3. Тараптар Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуетін, оның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бастамасын ілгерілетуге және осы Ұйымға төрағалық ету шеңберінде айтылған Қазақстан Республикасының бастамаларын іске асыруға ықпал ететін болады.

4. Тараптар биологиялық қауіпсіздікке байланысты мәселелер бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасатын болады.

5. 2022 жылғы 24 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияның 7-тармағын іске асыру мақсатында екі мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының жоғары мемлекетаралық кеңесі туралы ережені бекітеді.

6. Тараптар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын айта отырып, өзара сауданың үдемелі өсуін қанағаттанушылықпен атап өтеді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының, Іскерлік кеңестің отырыстарын өткізу, сауда миссияларымен алмасу практикасының тиімділігімен келісе отырып, Тараптардың үкіметтеріне сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және экономиканың түрлі секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдайлар жасау үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеуді тапсырады.

Тараптар екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін ашу мақсатында Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыруға одан әрі жәрдемдесетін болады.

7. Әзербайжан тарапы Әзербайжан Республикасының босатылған аумақтарын реконструкциялау және қалпына келтіру жөніндегі мақсатты жұмыс шеңберінде Қазақстан тарапы танытқан мүдделілікті құптайды және қазақстандық әріптестер мен инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына жәрдем көрсетуге дайын екендігін білдіреді.

8. Тараптар Каспий теңізін таяздану салдарының серпінін жұмсарту тұрғысынан қорғауға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерді іске асыру қажеттігін растайды.

9. Тараптар, сондай-ақ өңір елдерінің көлік-транзит саласындағы мәселелерді тиімді шешу бойынша одан арғы өзара іс-қимылы ортақ мүдделерге сай және ұлттық көлік стратегиялары басымдықтарының қатарында екенін растайды. Шығыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі (бұдан әрі –  «Орта дәліз») мұның маңызды бағыты болып табылады.

Осыған орай Тараптар 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда өткен Транскаспий өзара байланысы жөніндегі министрлік кездесуінде 2022–2027 жылдарға арналған «Осал тұстарды» үйлесімді жою және «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануын жоғары бағалайды. Осы құжатқа сәйкес іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет деп санайды.

10. Тараптар «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) жобасын іске асыруды қолдайды және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасын Каспий теңізінің түбімен жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп салу жөніндегі жұмыстарды тезірек аяқтауға жәрдемдесетін болады.

11. Тараптар цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің, оның ішінде электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық қолтаңбаларды пайдаланудың маңыздылығын атап өтеді.

12. Тараптар отын-энергетика саласындағы, оның ішінде энергия ресурстарын тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді. Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнайды жеткізудің басталуына қанағаттанушылықтарын білдіреді және Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі шарттарды келісу бойынша одан әрі жұмыс жүргізу қажеттілігімен келіседі.

13. Тараптар мәдениет және өнер, білім, ғылым, туризм және спорт салаларындағы байланыстарды дәйекті түрде тереңдетуге, қоғамдық, жастар және білім беру ұйымдары, инновациялық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыстарға жәрдемдесу жөнінде уағдаласты.

Тараптар екі халықтың төл мәдениетін дәріптеу мақсатында шығармашылық ұжымдармен алмасу практикасын оң бағалай отырып, 2023 жылы Әзербайжанда Қазақстан мәдениетінің күндерін, сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізуге дайын екендігін білдіреді.

Тараптар өткізілген келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан басшысын Әзербайжан Республикасына өзіне ыңғайлы уақытта сапармен келуге шақырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабылдады. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.

Осы Бірлескен мәлімдемеге Астана қаласында 2023 жылғы 10 сәуірде қазақ және әзербайжан тілдерінде қол қойылды.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің