National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы комиссиялар

Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады және Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын (бұдан әрі – Мемлекеттік сыйлық) алуға ұсынылатын жұмыстарды қарау және іріктеу мақсатында құрылады.

2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы ережені басшылыққа алады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті Комиссия құрамын бекітеді, ол әдебиет және өнер саласындағы мәдениет қайраткерлері қатарынан, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдерінен қалыптастырылады. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Комиссияны басқарады.

4. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

2-тарау. Комиссия қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі

5. Комиссияның төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы ережеге сәйкес Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және оның мүшелерінің қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.

6. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары жүзеге асырады.

7. Комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Комиссияның қарауына ұсынады.

8. Комиссияның отырыстары Комиссияның төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар Комиссия төрағасының шешімі бойынша қажеттілігіне қарай өткізіледі.

Комиссияның отырыстары олардың мүшелерінің жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болып табылады. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді.

9. Комиссияның шешімдері қарапайым көпшілік дауыспен:

1) алдын ала іріктеу кезінде ашық дауыс беру;

2) түпкілікті іріктеу кезінде жасырын дауыс беру арқылы қабылданады.

Комиссияның құрылымдық бөлінуіне сәйкес Комиссияның құрамындағы мәдениет қайраткерлері әдебиет немесе өнер салалары бойынша дауыс беруге қатысады.

Мемлекеттік органдардың өкілдері әрбір сала бойынша дауыс беруге қатысады және дауыс беру кезінде әрбір сала бойынша бір дауыстан бере алады.

Егер жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша біреуден көп жұмыс бірдей дауыс санын алатын болса, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

10. Мемлекеттік сыйлық алуға Комиссия мүшелерінің жұмыстары ұсынылған жағдайда, олар Комиссияның жұмысына қатыспайды.

11. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстарды алдын ала және түпкілікті іріктеуді жүргізеді.

Комиссияның құрылымдық бөлінуіне сәйкес Комиссияның құрамындағы мәдениет қайраткерлері әдебиет немесе өнер салалары бойынша, ал мемлекеттік органдардың өкілдері әрбір сала бойынша жұмыстарды алдын ала іріктеуді жүргізеді;

2) Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстарды рецензиялауға әдебиет пен өнер саласындағы мамандарды тартады;

3) Комиссия мүшелерін Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстармен танысу үшін олардың орналасқан жеріне жібереді.

12. Комиссияның жұмыс органы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстарды ресімдеуге қойылатын жалпы талаптарды әзірлейді;

2) Мемлекеттік сыйлық берілетін жылы Комиссияның атынан мемлекеттік сыйлық алуға жұмыстарды қабылдау туралы хабарландыруды, оларды ресімдеу жөніндегі талаптарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

3) Мемлекеттік сыйлық алуға үміткерлердің жұмыстарын қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады;

4) алдын ала іріктеуден өткен жұмыстарды ұсынған авторлар мен ұйымдарды көрсете отырып, осы жұмыстардың тізімін кеңінен талқылау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;

5) Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстарға келіп түскен пікірлерге талдау жүргізеді және нәтижелерін Комиссияға ұсынады;

6) ұсынылған жұмыстарды Комиссияның қарауының қорытындылары бойынша Мемлекеттік сыйлық беру туралы Қазақстан Республикасы Президенті актісінің жобасын белгіленген тәртіппен әзірлейді;

7) Мемлекеттік сыйлық лауреаттарының дипломдары мен төсбелгілерін дайындауды, лауреаттарға Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай сыйақысын төлеуді қамтамасыз етеді.

13. Комиссияның қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару