National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қырымбек Көшербаев Олимпиада жүлдегерлерін Мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Елдос Сметов III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Қамшыбек Қонқабаев, Сәкен Бибосынов, Игорь Сон, Софья Берульцева, Дархан Асаділов, Нұрислам Санаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиаданың жүлдегерлерімен және олардың бапкерлерімен кездесіп, Мемлекеттік наградалары мен қаржылай сертификаттарын табыстады.

Салтанатты іс-шараға барлық жүлдегер мен бапкерлер, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Жиында Мемлекеттік хатшы Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін анық көрсеткенін атап өтіп, спорт саласына шұғыл реформа қажет екенін айтты. Бірде-бір спортшымыздың алтын не күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы елдігімізге сын болғанына тоқталды.

– Ең әуелі, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен, спортпен айналысуын қамтамасыз ету қажет. Өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасамай, ірі жарыстарда жетістікке жетеміз деу әбестік. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы спорт мектептері мен үйірмелердің жағдайына терең талдау жасалып, оларды қолдаудың кешенді жоспары әзірленуі тиіс. Халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуын дамытқан дұрыс. Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттырсақ, одан сапа шығады. Бұл да кезек күттірмей, жедел қолға алатын шаруаның негізгісі, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Салтанатты іс-шара соңында Қазақстан ұлттық құрамасының атынан Елдос Сметов пен Софья Берульцева сөз сөйлеп, пандемияға қарамастан тыңғылықты жаттығу жұмысын жүргізуге бар жағдайды жасағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару