Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының
3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, оған Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қорғаныс өнеркәсібі, бірыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізуге қатысу, әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, оған Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;
3) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, оған:
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің геодезия және картография саласындағы;
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің елдің инновациялық саясаты, ғылыми-техникалық дамуы саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, оны Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша мемлекеттік органдардың және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің берілетін функциялары мен өкілеттіктері шегінде құқықтары мен міндеттемелерінің құқық мирасқоры болып айқындалсын.
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақтағы «Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 17 маусым
№ 24