Президент Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап шықты.
Мемлекет басшысына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, күннің ыстығы мен ұйытқыған желдің салдарынан өрт тез өршіп, 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған.
Табиғат апаты аймағына жақын орналасқан елді мекендердің халқы эвакуацияланып, Бородулиха ауылындағы және Семей қаласындағы арнайы әзірленген ғимараттарға орналастырылды. Алайда қазір қауіп сейілгендіктен, тұрғындар өз үйлеріне орала бастады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі тілсіз жаудың салдарынан орман шаруашылығының 14 жұмысшысы қаза тапқанын айтып, олардың отбасына жергілікті әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Президент өртке оранған орман алқабын тікұшақпен аралап шыққан соң Бородулиха ауылында орналасқан мобильді командалық пунктке келді.