National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдады

2024 жылғы 01 наурыз

Президентке Абай облысының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр өңір экономикасына 568,9 миллиард теңге инвестиция салынғаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл орайда өсім 132,7 пайыз болса, оның ішінде жеке инвестиция көлемі 131,5 пайызға артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 107,1 пайызға ұлғайып, 53,2 мыңға жеткен.

Нұрлан Ұранхаев 2023 жылы өнеркәсіп өндірісі 105,1 пайызға, ауыл шаруашылығы өсімі 103,5 пайызға, құрылыс көлемі 119,1 пайызға артқанын мәлім етті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес облыста Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Жоспарда инвестиция көлемі 1,9 триллион теңге болатын 102 жоба қамтылған. «Қаражыра» кен орнында көмір-химия кешенін және қуаты 1 ГВт болатын үшінші жел электр станциясын салу жобалары пысықталып жатыр.

Шекара маңындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен бірлесе отырып, инвестициялық жобалар және шекарадан өткізудің уақытша пунктін салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Өңір туризмінің дамуына серпін беретін «Семей – Тачэн (Шәуешек)» әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Татарстан Республикасымен ынтымақтастықты дамытудың жол картасына қол қойылды.

Мемлекет басшысына үшінші жылу электр орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысы жөнінде баяндалды. Алдын ала есепке сәйкес, жоспарланған жылу қуаты 1200 Гкал/сағатты және электр қуаты 360 МВт-ты құрайды. Сондай-ақ өңір тұрғындарын таза ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін 46 жобаны іске асыру қарастырылған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 5700 оқушыға арналған 11 мектеп салу жоспарланған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 65 нысан салынады. Олардың құны 10,8 миллиард теңгені құрайды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің