National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы екінші жылу электр станциясына барды

2021 жылғы 19 қараша

Қасым-Жомарт Тоқаев Айтқали Жақұтов атындағы екінші жылу электр станциясында болды.

Президент станция аумағында жаңадан салынатын қуаты 600 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысына дайындық жұмыстарымен танысты.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Президентке қалалық энергетика кешенін жаңғырту нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар 2026 жылға қарай жылына 50,4 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға дейін азаятыны туралы мәлімет берді.

Содан кейін энергия кешеніне ауқымды жаңғырту жұмыстарының басталғанын білдіретін естелік капсуласын қоюдың салтанатты рәсімі өтті.

Президент шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде жаңа қондырғының құрылысы бүкіл қалалық энергетика кешенін жаңғырту жұмыстарының басталғанын білдіретінін атап өтті.

– Алдағы бес жылда Алматы мен Алматы агломерациясы тұрақты энергиямен және жылумен қамтамасыз етіледі. Белгіленген жоспарды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда, Мемлекет басшысының өзі осы капсуланы қалап, тиісті жұмыстарды бастап бергені үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Президент.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы мен қала басшылығына, сондай-ақ ЖЭО қызметкерлеріне барлық жұмысты мерзімінде және сапалы орындауға шақырды. Сонымен қатар аталған өңір еліміздің негізгі экономикалық орталықтарының бірі болғандықтан, бұл жұмыстардың аса маңызды екенін атап өтті.

– Ең бастысы, біз экологияны жақсартып, тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз етеміз. Мен үшін бұл аса маңызды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қаланың ауасын тазарту үшін қажетті шараларды қабылдайды деп алматылықтарға уәде бердім. Шын мәнінде, бірнеше жыл бойы қала тұрғындары экологияның ластануынан зардап шегіп келді. Біз бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жобаның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жүзеге асырыла бастауының символдық мәні бар екенін айтты.

– Бұл бастама Алматының жасыл әрі таза қала деген бұрынғы мәртебесін қайтарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратынына сенімдімін, – деді Президент.

Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ЖЭО-2 жұмысшыларымен әңгімелесіп, оларды бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің