National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады

2021 жылғы 26 мамыр

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі су қоймаларының жағдайы туралы есеп берілді. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, соңғы жылдары су тапшылығын болдырмауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда көрші елдердің құзыретті органдарымен өзара ықпалдаса отырып, су нысандарын қайта қалпына келтіру, цифрландыру және шаруаларды сумен қамтамасыз ету мәселелері қолға алынды. Қырғыз тарапымен Тоқтағұл су қоймасынан қосымша су жіберуге келісім жасалып, Жамбыл облысындағы Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне су жіберу кестесі бекітілді. Ресей тарапымен Ириклинск су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін судың көлемін көбейту жөнінде келіссөз жүргізіліп жатыр.

Президентке киіктерді қорғау үшін қабылданған шаралар мен олардың санын анықтау мақсатында жүргізілген санақтың қорытындылары жөнінде ақпарат берілді. Салалық ведомствоның мәліметі бойынша браконьерлікке қарсы тиімді жүргізілген күрестің және заңнаманың қатаңдатылуының арқасында соңғы 2 жыл ішінде киіктердің саны 334 мыңнан 842 мыңға дейін көбейген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысына барып, сарапшылармен, ғалымдармен, жергілікті фермерлермен және әкімдікпен бірлесе отырып, киіктің жайылым өрісін анықтау мәселелерін кешенді түрде қарастырған. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы 657 мың гектар аумақты құрайтын «Бөкейорда» және «Ащыөзек табиғат қорығы» табиғи резерваттарын құру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Орал өңіріндегі киіктердің Жайық өзенінің сол жағалауына өріс ауыстыруына мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек министр балықтарды қорғауға бағытталған «Бекіре», «Уылдырық шашу» және «Таза тоған» шаралары туралы айтты. Осы шаралардың нәтижесінде бірқатар қылмыстық іс қозғалып, айыппұлдар салынды, 300 шақырымға жуық ау мен бірнеше көлік тәркіленді.

Президенттің 2 миллиард ағаш егу туралы тапсырмасын орындау аясында бүгінге дейін 80 миллион көшет отырғызылған. Экотуризмді дамыту мақсатымен 4 ірі ұлттық паркке жалпы құны 31 миллиард теңгеден астам қаржы құятын инвесторлар анықталды.

Президент министрліктің бұл бағыттағы жұмыстарын оң бағалады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы су ресурстарын реттеу мәселесін ерекше бақылауда ұстап, браконьерлікпен күресті күшейтуді тапсырды.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің