Иордания, Амман қаласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амманға ресми сапары аясында Иордания музейін аралап көрді. Мемлекет басшысын аталған нысанда ханзада Әли бен әл-Хусейн, Иордания музейі Қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары, ханшайым Сумайя бинт Хасан мен музей директоры Ихаб Амарин қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев көрме залдарын аралап көріп, музей қорында сақталып тұрған сирек жәдігерлермен және экспонаттармен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Иордан Хашимит Корольдігіндегі ең үлкен музейдің құрылу тарихы жөнінде мәлімет берілді. Музейдегі ерекше көрменің бірі – Кумран қолжазбалары. Онда тарихи құндылығы зор мыс қолжазбалардың фрагменттерімен танысуға болады. Иордания музейі тұрақты экспозициядан бөлек, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу үшін уақытша көрмелер, дәрістер, семинарлар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Президент нысанды аралап көрген соң Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.