National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана Халықаралық Форумының Пленарлық сессиясында сөйлеген сөзі


Құрметті ханымдар мен мырзалар, Қадірлі қонақтар!

 Астана халықаралық форумына қош келдіңіздер! Мұнда барлық құрлықтан достарымыз бен әріптестеріміз, сондай-ақ үкіметтердің, дипломатия, бизнес және ғылыми топтардың өкілдері жиналып отыр. Аса қадірлі қонақтарымыз – Қатар Әміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне және форумның басқа да құрметті қатысушыларына  шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің осы жиынға арнайы келуге шешім қабылдап, форум жұмысына қатысқандарыңыз – біз үшін үлкен мәртебе. Жиын барысында жаһандық экономикалық және аймақтық ынтымақтастық мәселелерінің қазіргі жай-күйі жөнінде табысты пікір алмасамыз деп сенеміз. Бұл – халықаралық серіктестіктің шынайы мән-маңызын айқындайтын тәсілдердің бірі. Сондай-ақ форум жұмысын аша отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына және басқа да халықаралық институттарға, CNN ақпараттық әріптесімізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер.

 

Құрметті форумға қатысушылар!

Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай:  Бірінші,  әлемдегі жағдайды ашық талқылау; Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау;Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру;Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту.

Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс.

 

Құрметті достар!

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен негізі қаланған әлемдік тәртіптің  іргетасының бұзылу үдерісіне куә болдық. БҰҰ бүкіл адамзатты біріктіретін бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым  болып қала береді. Осы ретте Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешу ісінде табысқа қол жеткізе алмаймыз. Кеңестегі «Орта державалардың» өкілдерінің пікірі мейлінше салмақты болуға тиіс.

Жуырдағы COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі «жаңа дағдарыстар» біздің нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін бұрынғы «блоктарға» бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мәселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды.

Еркін сауда, жаһандық инвестиция,  инновация және адал бәсекелестік секілді факторлардың жиынтығы соңғы онжылдықтарда негізі қаланған әлемдік бейбітшілік пен дамудың  іргетасын біртіндеп қирата бастады.

Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік толқуға, мемлекеттердің іштей бөлінуіне және олардың араларының шиеленісуіне алып келеді. Теңсіздіктің өршуі, әлеуметтік бөлінушілік, мәдениет пен құндылықтардағы алшақтықтың артуы секілді үрдістердің бәрі экзистенциялық қауіпке айналды.

Теріс ақпараттардың кең таралуына байланысты бұл қатердің алдын алу қиындап барады. Ол бүгінде күшейіп, өте қауіпті бола түсті.

Сонымен бірге жасанды  интеллектен бастап биотехнологияға дейін жаңа технологиялардың жаһандық салдары бар. Бірақ олар шектеулі ұлттық шеңберде ғана енгізіліп жатыр. Осы факторлардың барлығы жаһандық әлемдік тәртіпті үлкен шиеленіске итермелейді. Бұл өзара сенімсіздікті арттырып, белгілі халықаралық форумдардың, қолданыстағы жүйенің, қауіпсіздік режимінің және ядролық қаруды таратпау саласындағы механизмдердің қызметіне кері әсер етеді.

Осылайша, біз белгісіздікпен, тұрақсыздықтың белең алуымен  және дау-жанжалдармен бетпе-бет келеміз. Бұл, өз кезегінде, қорғанысқа, заманауи қару-жараққа жұмсалатын шығындарды арттыруға ықпал етеді және түптеп келгенде ешқандай кепілдік бермейді. Бұған өткен жарты ғасырда біз алғаш рет ядролық қаруды қолдану перспективасымен бетпе-бет келуіміз мысал болады. Мұның бәрі климаттың экзистенциальді өзгеру қаупіне қарсы жұмылу қажет болған сәтте туындап отыр.

 

Ханымдар мен мырзалар!

Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қол ұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы. Осындай сәтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді. Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің  проблемаларымызға, шаруаларымыз бен үмітімізге қатысты мәселелерді шеше алады. Сонда ғана біз ортақ болашағымызды қалыптастыра аламыз, бәріміз үшін мейлінше тұрақты, әділ әрі өркендеген әлем құру жолына біртіндеп ораламыз.

 

Құрметті достар!

Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз.

Сонымен қатар шетелдік серіктестерімізде де осындай жауапкершілік сезім болады деп үміттенеміз. Бұл – біздің саясатымыздың негізгі қағидаттары. Өз кезегінде бұл еліміздің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын шағын және орта кәсіпорындар үшін тең құқық пен мүмкіндікті қамтамасыз етеді.

Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға артты. Дегенмен біздің жалпы ішкі өнімнің едәуір бөлігі бұрынғыша энергетикалық секторға тиесілі. Сондай-ақ экномиканы әртараптандыруға деген ұмтылысымыз артып келеді. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау сияқты бірқатар салада өсім бар екенін байқап отырмыз. Біз іскерлік және экономикалық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер іздегендердің бәрін шақырамыз. Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.

Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді.   

Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз.

 

Ханымдар мен мырзалар!

Біздің еліміз бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін әрқашан бар күш-жігерін жұмсады. Өз тарапымыздан ядролық қарусыздандыруды және Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді қолдаймыз.

Қазақстан Сирия дағдарысын шешуде Астана бейбітшілік процесіне бастамашы болды. Елорда әлемдік діндер көшбасшыларының саммиттерін тұрақты өткізетін орынға айналды. Штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі жиын аймақтық және жаһандық мәселелерді шешетін бірден-бір тетікке айналды.

Біз Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсене атсалысамыз. БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмек көрсетудің қажеттілігін атап өткім келеді. Бұл орайда Орталық Азия және Ауғанстан үшін Алматыда БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының аймақтық орталығын құру маңызды.

Қазақстан жаһандық және аймақтық серіктестерімен достық қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Біз қазіргі жағдайда Орталық Азиядағы бауырлас елдермен аймақтық әріптестік орнатуға баса назар аударамыз.

Ел ішінде әділдік, заң үстемдігі, теңдік және әділ сот төрелігі қағидаттарын енгізу үшін реформа жүргізуге бағытталған тиісті шараларды қолға аламыз. Заң мен тәртіпке негізделген менің ұстанымым – айқын. Бұл – «Жаңа Әділетті Қазақстанды» құрудың берік негізі.

Қысқа уақыт ішінде біз саяси институттарды реформалап, Президенттің өкілеттігін шектедік. Конституцияға өзгерістер енгізіп, саяси және экономикалық жүйені қайта жаңғырттық. Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Сондықтан қазіргі Қазақстанның осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстанмен салыстырғанда едәуір айырмашылығы бар.

Қолданыстағы жүйені өзгертуді көздейтін біздің жолымыз әлі біткен жоқ. Біз саяси реформалар мен адами капиталға инвестиция құю ортақ табыстың «қақпанынан» құтқарып, экономикамызды мейлінше тұрақты ететінін жақсы түсінеміз. Айтулы өзгерістерден өткенімізбен, әлі де көп нәрсе істеуіміз керек. Алайда біз өзіміз таңдаған жолды абыроймен жүріп өту үшін барлық сын-қатерге дайын болу керектігін де білеміз. Әрі біз бұған дайынбыз. 

 

Құрметті қонақтар!

Біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі. Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5℃-қа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 ℃-қа  дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның траформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек.

Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады.

Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз.

Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен  тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ.

Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын.

Еліміз «жасыл» экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну және «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет. 

 

Ханымдар мен мырзалар!

Ғаламшарымыздағы төтенше климаттық жағдай – біздің тығыз қарым-қатынасымыз бен ортақ тағдырымыздың жарқын үлгісі. Қаласақ та, қалмасақ та бізді көп нәрсе байланыстырады. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, бірге жұмыс істеудің амалын тапқан табысқа жетеді. Ал қабілетсіздері сәтсіздікке ұшырайды. БҰҰ-ның көпқырлы шешімінің астарында жатқан принциптері мен құндылықтары – бұл мәселені шешудің бірден-бір тиімді тәсілі ғана емес, жалғыз жолы.

Ортақ мәселелерді шешу және серіктестікті нығайтуға, даму мен прогреске арналған диалогқа кеңістік ұсыну Астана халықаралық форумының түпкі мақсаты деуге болады. Мен оптимистік көзқараспен алдағы екі күнде өтетін конструктивті талқылау бізді оңтайлы шешім қабылдауға және алдағы уақытта әріптестікке бағыттайтынына сенім білдіремін.

Сөз соңында маған мына жайтты еске салуға рұқсат етіңіздер. Мазмұнды әңгіме мен серіктестікке жол ашу үшін ашықтық, шыдамдылық және бірлік ауадай қажет.  Мен осы форумға және әрқайсыңызға сәттілік тілеймін. Баршаңызға бүгін біздің қатарымызға қосылғандарыңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Талқылаулар сіздер үшін табысты болуына тілектестік білдіремін.