National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым ордасында сөйлеген сөзі


Қадірлі қауым!

Құрметті жас ғалымдар!

Бүгін сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі.

Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді. Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев.

Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр.

Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ. Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек.

Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс.

Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр.

Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда.

Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат.

Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады.

Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр.

Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Мен шетелге сапарларым кезінде ғалымдармен жиі кездесемін. Оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырамын.

Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады.

Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз.

Теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнатамыз.

Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек.

Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз.

Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз.

Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет .Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін.

Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз.

Стратегиялық бағдарымыз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал. Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет.

Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші.

Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен. Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады.

Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан.

Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді.

Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек.

Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңілде жарық бар» деп айтқан. Жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуы керек. Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы.

Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады.

 

Құрметті ғалымдар!

Қадірлі қауым!

 

Жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік – жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі. Бұрын елдің әл-ауқаты аумағының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Жер шары халқының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі болған. Бұл елдің әлемдік экономикадағы үлесі де осы шамада еді. Алайда ХХІ ғасырдың басына қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Дүниежүзі халқының 5 пайызы ғана тұратын АҚШ әлемдік ЖІӨ-нің 20 пайызын иеленді.

Бүгінде экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласты. Осы орайда инновацияның маңызы арта түседі. Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, сағым қуып жүре береміз.

Қолда бар ресурстың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды. Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды.

Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс.

Бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет. Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады.

Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады. Ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолынан келеді.

Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет.

Қаржы технологиясы мен электронды үкімет салаларын дамытуда айтарлықтай ілгеріледік. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет.

Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің технологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді. Қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды.

Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады.

Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек. Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет.

Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын.

Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады.

Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн. Ал деректердің тарап кетуі өз алдына бөлек қауіп. Цифрландыру дәуірінде мәліметтер саф «алтынға» айналады. Сондықтан оларды толыққанды қорғау мәселесінің маңызы зор. Бүгіннен бастап киберқауіпсіздік саласында маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Жалпы, қазір көз алдымызда әлемдік экономикада технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Ғаламдық деңгейде энергияның жаңартылатын және баламалы түрлерін көбірек пайдалануға негізделген қуат көзіне көшу қарқын алды.

Сонымен қатар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді.

Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі.

Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді.

Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды. Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз. Бұл – бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз. Оны пайдалана білуіміз қажет. Аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылау керек. Бірақ популизм мен дау-дамайға жол беруге болмайды.

Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деп ойлаймын. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды.

Жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту жағдайында экономиканы әртараптандыруға баса мән беру керек. «Жасыл» сутегі өндірісінде әлеуетіміз мол. Қазірдің өзінде бұл салада серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет. «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады. Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет.

Машина жасау бағытының болашағы зор. Елімізде көлік құрастыратын бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті өндірістің үлесін және технологияның импортын арттыру керек.

Медицина, фармацевтика, биотехнология саласындағы ғалымдарымыздың әлеуеті өте жоғары. Елімізде сұранысқа ие препараттардың баламаларын, вакциналарды және басқа да медициналық өнімдерді өндіруге қабілетті ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Халықты отандық медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңімен көтеру маңызды. Біз осы салада халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен қарым-қатынас орнатып жатырмыз.

Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Қазақстанда бұл меже 75 жастан асты.

Бірақ осы көрсеткіш бойынша әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық. Бұл – біз ұмтылатын мақсаттың бірі.

Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мол әлеуетке ие әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл – алға қойылған мұрат қана. Ол үшін көп жұмыс істеу керек.

Ауыл шаруашылығындағы барлық мүмкіндікті іске асыру мақсатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграрлық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор. Ғалымдарымыз малдың тұқымын асылдандырумен айналысып, климатымызға бейімделген, мол өнім беретін әрі қуаңшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын шығарып жатыр. Бұл жұмысты барынша күшейту қажет. 

Еліміздің орасан зор көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемдік саудада мол мүмкіндіктерге жол ашады. 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн.

Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған.

Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл – қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр.

Бір жағынан, еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс. Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес.

Автомагистральдарды пайдалану ісіне бақылауды күшейту қажет. Жол жабындысын бұзатын бірнеше тонналық жүк көліктеріне айыппұл салу керек. Қаржы құйып қана қоймай, ғылымның да жетістіктері қолданылатын жоба болғандықтан жоғары сапалы көлік магистралі кез келген дамыған елдің жарқын келбеті саналады. Сондықтан жол саласындағы қазақстандық компаниялар ғылыми тәсілді қолдануға және инновацияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалануы қажет.

Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық табысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек. Елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажет.

Біздің қалаларымыз, тіпті ауылдарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ.

Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қаланың» жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық Surbana Jurong консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді.

Отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейсмикалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді.

Жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құралдары жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны кезінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды.

Батылдық пен қызметтік міндеттеріне адалдықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді. Құтқарушыларымыздың үйлесімді әрі шұғыл іс-әрекеті мемлекетіміз үшін адам өмірі ең жоғары құндылық екенін нақты көрсетті. Біз бұл қиын сынақтан азаматтарымыздың бірлігі мен ынтымағының, бір-біріне жанашырлығының арқасында сүрінбей өттік. Халқымыздың бірлігінің айқын дәлеліне айналған еріктілердің ерен еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен су басқан өңірлерге барып, бөгендер салды. Халықты эвакуациялауға атсалысып, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жеткізді. Біздің еріктілер күн сайын жоғары азаматтық жауапкершіліктің, жанашырлық пен көмек көрсетудің және дүниені жақсартуға деген шынайы ұмтылыстың үлгісін көрсетіп келеді.

Сонымен қатар ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының салдары айтарлықтай ауыр болмас еді. Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғимаратын жөндеуге қаржы бөлді. Қырық жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр.

Су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселенің бірі. Бұған дейін Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруді тапсырған болатынмын. Бізге су шаруашылығының, гидромелиоративтік және экологиялық тұрақтылықтың қазіргі мәселелерін шешуге қабілетті мамандар дайындайтын, осы саладағы ғылыми базаны нығайтатын жоғары оқу орны қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын.

Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр. Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады.

Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек.

БҰҰ аясында 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Саммит климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге елеулі үлес қосатынына сенімдімін.

Сонымен бірге қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау сияқты құндылықтарды насихаттау маңызды. Қазіргі жағдайда экологиялық ойлау қабілеті барлық білім беру және ғылыми бағдарламалардың негізі болуы керек деп санаймын. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаға қамқорлық таныту қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет.

Биыл елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – жай науқан емес, бұл – халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. Ауқымды экологиялық бастамаға, әсіресе, жастар белсене атсалысты. Бұл да – жақсы үрдіс.

Аз уақыт ішінде 2,5 миллионнан астам ағаш егілді, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек.  

«Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын мен мұқият қадағалап отырамын. Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды.

Жаз маусымы басталды, енді ішкі туризм жандана түседі. Демалуға шыққан әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Тазалықтың басты кепілі – айналаны ластамау. Бұл – баршаға ортақ міндет.

Одан бөлек, қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу қажет. Онсыз қалаларымыз таза болмайды. Жалпы, «Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады.

Біз қазір ұлт сапасын жақсартуға баса мән беріп отырмыз. Мен Атырауда өткен Құрылтайда жаңа құндылықтар қалыптастыру мәселесіне тоқталдым.

Қазір мемлекет пен қоғамның арасында осыған қатысты ортақ ұстаным бар. Бұл құндылықтар оқу орындарының тәрбие жұмысына арқау болуы керек. 

Өкінішке қарай, қоғамда озбырлық пен қатыгездік тыйылмай тұр. Мұндай жағымсыз үрдіс, әсіресе, жастар арасында белең алуда. Біз мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын ашық айтуымыз керек.

Әлеуметтік желі балалардың мінез-құлқына кері әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бірақ бәрін әлеуметтік желіге жаба салуға болмайды.

Білім беру жүйесінде кемшіліктер көп. Отбасы тәрбиесінде де олқылық бар. Әрбір ата-ана баласына дұрыс тәлім-тәрбие беруі қажет. Үлкендер өзінің күнделікті іс-әрекетімен балаларға үлгі болуы керек.

Еліміздегі балалардың бәрі қоршаған әлеммен үйлесімді, ата-анасы мен жақындарының сүйіспеншілігіне және мейіріміне бөленіп өсуі маңызды. Ол үшін, ең алдымен, отбасындағы зорлық-зомбылық сынды қараңғылықтың, моральдық деградацияның өршуін түп-тамырымен жою қажет.

Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл агрессия мен қатыгездіктің кез келген түріне төзбейтінін көрсетіп келе жатқан біздің қоғамның құндылықтар жүйесіндегі оң өзгерістерді білдіреді.

Мен Президент қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға баса мән беремін. Біз бұл бағытта заңнамалық және институционалдық шараларды дәйекті түрде қабылдап келеміз.

2022 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауымда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырдым.

Әрине, жұртшылықтың бәрі бірдей емес, дегенмен құқық қорғау органдарының өкілдері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық әрекет деп тануды жақтағанын мойындауымыз керек. Сол кезде бұл бағыттағы негізгі нормалар мен бастамалардың жұмыс істеп тұрғаны және кейбір мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамның консервативті бөлігі бұл заңға қарсы болады деген пікір айтылды. Бірақ мен мұндай тағылық әрекетпен құқықтық, әсіресе заңнамалық тұрғыда күресті күшейту керек екенін қадап айттым.

Өздеріңізге мәлім, биыл сәуір айында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Заңға қол қойдым. Екі аптадан кейін бұл толықтырулар күшіне енеді.

Жаңа нормалар біздің қоғамды жаңғыртуға, отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Өйткені әйелдер мен балалардың құқықтарын жан-жақты қорғау дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға мүлдем қайшы келмейді, керісінше оларды күшейтуге ықпал етеді.

Ана ұлтты тәрбиелейді. Әйелді құрметтей білетін қоғам, шын мәнінде, өркениетті, мәдениетті қоғам болмақ.

Әрине, бір Заңмен барлық мәселе шешілмейтіні анық. Ең бастысы, өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. Әр үйде отбасы құндылықтары орнығуы қажет. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру осындай қарапайым дүниеден басталады.

Тағы бір мәселе. Мен еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы үнемі айтып жүрмін. Өткен бес жылдың ішінде бұл бағытта көп шаруа атқарылды. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Жалақы көтерілді. Басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынды. Мемлекеттік марапаттар нағыз еңбек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі мамандық иелерінің беделі арта түсті. Мамандықтың жаманы жоқ. Еліміз үшін барлық кәсіп иелері қажет. Өз ісінің хас шебері атанған адам міндетті түрде табысқа жетеді. Түптеп келгенде, бұл – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті жаппай дәріптеу деген сөз. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін қоғамда осы құндылықтар орнығуы қажет.

 

Құрметті қауым!

 

Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді.

Былтыр 284 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.