National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

2023 жылғы 04 қыркүйек

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылды.

– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды, – деді Президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.

– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет екеніне назар аударды.

– Барлық қаржы қозғалысын қадағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды, – деді Президент.

Жиын барысында Үкімет мүшелері мен бірқатар мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің