Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған өңірінің әлеуметтік дамуы мен минералды-шикізат базасын кеңейту жөніндегі «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоспарымен танысты.
«Қазақмыс» компаниялар тобының президенті Владимир Ким Мемлекет басшысына Жезқазған кен орындарындағы қазба жұмыстарының әсер ету аймағынан 2 815 отбасын көшіру және инфрақұрылым жүргізу жұмыстарының аяқталғаны туралы баяндады.
«Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Президентке Қазақстан Республикасын 2025 жылға дейін дамытудың ұлттық жоспары негізінде Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесе отырып, Жезқазған мен Балқаш өңірлерін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасының әзірленгені жөнінде айтты. Бағдарламада негізгі үш бағыт қамтылған. Атап айтқанда, әлеуметтік қызметтердің деңгейін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және экономикалық даму.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асырудың перспективалары, білім сапасын арттыру, азық-түлік нарығындағы бағаларды тұрақтандыру жөнінде айтылды. Сондай-ақ, корпорацияның әлеуметтік міндеттемелерді орындауы және инвестициялық жобаларды іске асыруы жөнінде мәлімет берілді. Компания аймақ тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, өмір сүрудің қолайлы жағдайын жасауға ниетті. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін өркендетуде еліміздің дамыған аймағы саналатын Алматы қаласы үлгі болмақ.
Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысына Жезқазған қаласын сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің қиындықтары туралы баяндалды. Мәселені шешу үшін Үйтас-Айдос суқұбырын қайта жөндеуден өткізіп, Қожамсейіт кен орнында жаңа суқұбырын салу қажет. Президент Үкіметке және облыс әкімдігіне аталған жобаны 1,5 жылдың ішінде жүзеге асыруды тапсырды.
– Зерттеу бағыттарыңыз дұрыс деп есептеймін. Сумен қамту – шешуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Мен Жолдауымда осы туралы айтқанмын. Үкімет тиісті тапсырма алды. Менің ойымша, Үкімет әкімдікпен және сіздермен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде, ары кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Біз азаматтарымызды таза ауызсумен қамтамасыз етуіміз қажет. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «Қазақмыс» корпорациясының білім саласындағы жобаларға қолдау көрсетіп отырғанын оң бағалады.
– Шын мәнінде, білім – мемлекетіміздің болашағы. Бұл жерде, ең алдымен, мұғалімдер дайындауға көңіл бөлінуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
– Бұл, әрине, әлем нарығында болып жатқан күрделі мәселе. Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Біздің еліміздегі қордаланған мәселелердің салдарынан азық-түлік қымбаттап отыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз де көріп отырсыздар. Аталған мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін де білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктедім, – деді Президент.
Іс-шара барысында экологияға және ірі кәсіпорындардың шығаратын қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударылды.
– Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жарияладық. Экономикамыздың ерекшелігін және оның құрылымын ескеруіміз қажет. Энергиялық теңгерімнің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегінен арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегінен арылу бағыты бойынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қалып қоямыз. Бұл негізгі кәсіпорындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жиынды қорытындылай келе, барлық бекітілген бағыттар бойынша мемлекет отандық жетекші кәсіпорындармен бірлесіп, тиісті жұмыстарды белсенді жалғастыруы керек екенін айтты.