Алматы қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік заманауи технологиялармен жабдықталған институттың жаңа ғимаратына барып, мекеме жұмысымен танысты. Бұл ғимарат өзін-өзі сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Іргесі 2012 жылы қаланған институт қоршаған ортаны қорғау және ESG – экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Президентке институт жұмысындағы мұнай-химия өнеркәсібінің қалдықтарын қайта өңдеу, су қоймаларын тазалау және су қорын жинау, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту сияқты 3 негізгі бағыт таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий итбалығының азайып кету себебін зерделеп, осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізу қажет екенін атап өтті. Президент осы өзекті мәселені өз бақылауына алатынын айтты.
120-дан астам ғалым мен сарапшы қызмет ететін институттың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жеке зертханасы бар. Жетекші халықаралық ғылыми орталықтармен белсенді ынтымақтастық орнатқан зерттеу мекемесінің басшылығы отандық компаниялардың стратегиясы мен қызметіне ESG қағидаттарын енгізуге атсалысып жатқанын жеткізді.
Мемлекет басшысына өзекті экологиялық мәселелерге қатысты бірқатар технология әзірленгені жөнінде баяндалды. Құрылтайшылардың айтуынша, мұнай-газ өнеркәсібінің топыраққа, жануарлар дүниесіне және жалпы қоршаған ортаға тигізетін зиянын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан аталған институтта топырақты мұнай өнімдерінің зиянды әсерінен залалсыздандыру әдістері әзірленіп, патенттелген.